Жаңалықтар

Жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа тұжырымдамасы талқыланды

30.03.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу орнының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің ұйымдастыруымен семинар өтті. Жиынға қатысушылар Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын талқылады.

Іс-шара модераторы ҚазҰУ-дың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің басшысы Бейбіт Сихымбаев Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған кеңесте ұсынған тұжырымдарымен таныстырып, түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру және жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұру керегін жеткізді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша алдын ала бақылау департаментінің басшысы Қанат Сәлімбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа мақсаттары мен міндеттері туралы баяндама жасады.

Жаңа бағдарламалық құжатқа сәйкес, Қазақстан бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы қалыптасқан іс-қимылмен қатар, халықтың сыбайлас жемқорлықтың кез келген түрінен бас тартуы арқылы қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге мүдделі.

Стратегиялық мақсат – Transparency International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 2026 жылдың соңына қарай 47 ұпайға, 2030 жылға қарай 55 ұпайға жету.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі қағидаттарына мыналар жатады: барлығының заң мен әділеттілік алдындағы теңдігі, ашықтық, жариялылық және қоғам алдында есеп беру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды кешенді қолдану, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың басымдығы, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністерінен бас тарту және т.б.

Қанат Сәлімбаев өз сөзінде тыңдаушылардың назарын қоғамның өзекті мәселелеріне аударды. Атап айтқанда: «тұрмыстық» сыбайлас жемқорлық, бюджеттік процестер мен сатып алулардың ашықтығы, экономикаға мемлекет қатысуының жоғары деңгейі, әкімшілік кедергілер, дискрециялық нормалар, азаматтардың құқықтары мен міндеттерінің нақты түсіндірілмегені, соттар мен құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері т.б.

 «Жаңа тұжырымдаманы жүзеге асыруға республика азаматтары атсалысуы керек. Сыбайлас жемқорлықтың оқу орындарында да белең алуына тосқауыл болатын барлық шараларды қабылдау қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды автоматтандыру және цифрландыру кезек күттірмейтін мәселе. Студенттер баға мен диплом алудың заңсыз әдістерін қолданбай, өз бетінше емтихан тапсыруы үшін оқу бағдарламалары мен әдістемелерді қайта қарау керек», – деді Қанат Сәлімбаев.

Семинарды ҚазҰУ-дың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі студенттік комплаенс клубының жетекшісі Алина Тимурова жалғастырып, жиналғандарды ұйым қызметінің нәтижелерімен таныстырды.

Шара соңында студенттік комплаенс клубының белсенді жастарына Алғыс хаттар табысталып, марапаттау рәсімі өтті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі