- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да МИФИ филиалын ашу жұмыстары басталды
04.04.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Ұлттық зерттеу ядролық университеті – МИФИ делегациясы арнайы жұмыс сапарымен келді. Университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Ресей Федерациясынан келген меймандарды қарсы алып, кездесу өткізді. Тараптар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Мәскеу инженерлік-физика институтының филиалын ашу жөніндегі мәселелерді талқылады.
Жүздесу барысында Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс жасаудағы тәжірибесі мол екенін айтты. «Бүгінгі таңда Ресей Федерациясының жетекші университеттерімен және институттарымен ынтымақтастық туралы 150-ден астам келісімге қол қойылды. Соның арқасында түрлі білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобалары сәтті жүзеге асып келеді. Бүгінде біздің білім ордамызда Мәскеу инженерлік-физика институтының филиалы ашылғалы жатыр. Бұл жұмыстар білікті және білімді мамандарды даярлауға сеп болады», – деді университет ректоры.
Сонымен қатар ресейлік әріптестер ҚазҰУ базасында МИФИ филиалын ашу арқылы ынтымақтастықты нығайтуға және ядролық физика, лазерлік және плазмалық технологиялар, атом энергетикасы, нанотехнологиялар бағыты бойынша мамандарды әзірлеуге бірлесіп жұмыс жүргізуге дайын екендерін жеткізді.
«Ағымдағы жылдың қыркүйек айында біз Мәскеу институтының филиалын ашуға дайынбыз. Қазіргі таңда ауқымды жұмыстар іске асырылуда. Жол картасы бекітіліп, ҚазҰУ мен МИФИ арасындағы келісім дайындалды. Гранттар бөлінді. Алдымен филиал физика-техникалық факультетінің оқу корпусында орналасатын болады. Алдағы уақытта жеке корпус салынуы мүмкін», – деді Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Мәскеу инженерлік-физикалық институтының проректоры Дмитрий Савкин жылы қабылдағаны үшін университет басшылығына алғысын білдірді. «Бүкіл әлемге танымал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келгеніміз үшін қуаныштымыз. Біз Қазақстанда филиалды ашу үшін кез келген көмекті көрсетуге дайынбыз. ҰЗЯУ – МИФИ Ресейдің үздік бес университетінің қатарына кіреді. Шетелдерде филиал ашуда тәжірибеміз мол. Сол себептен жұмыстарды бірлесіп атқару қажет», – деді.
Ресейден арнайы келген делегация жұмысы екі күнге жалғасады. Олар МИФИ филиалы орналасатын оқу ғимараттарын аралап, заңнамалық тұрғыдағы мәселелерді талқылап, шешетін болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі