Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Samsung компаниясымен бірлесе отырып Stepik білім беру платформасында қазақ тілінде нейрондық желілер мен компьютерлік көру бойынша тегін онлайн-курс әзірледі.
Техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Еділхан Әмірғалиев басқарған ҚазҰУ ғалымдары мен оқытушылар тобы Samsung Research Russia мамандарымен бірлесіп «Нейрондық желілер және компьютерлік көру» бойынша курстың қазақ тіліндегі нұсқасын әзірледі.
Жаңа курс барлығына қолжетімді. Бұл машинаны оқыту әдістерімен компьютерлік көру саласын игеруге енді ғана қадам басқан азаматтарға арналған. Курс нейрондық желілердің негіздерінен басталады. Содан кейін нейрондық желілерді конфигурациялаудың негізгі архитектуралары мен алгоритмдері, конвульсиялық нейрондық желілер, жүйелеу және қалыпқа келтіру әдістері оқытылады. Тыңдаушылар дәрістерден бөлек, сегіз практикалық семинар арқылы білімін жетілдіреді. Онда машиналық оқыту және компьютерлік көру құралдары, негізгі мәселелерді шешу жолдары қамтылған. Курс соңында тыңдаушылар күрделі практикалық тапсырмаларды орындай алады.
2021 жылдың қазан айынан бастап ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар факультетінің бір топ студенттері ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Жолдас Бөрібаевтың жетекшілігімен «Жасанды интеллект» трегінде білім алуда. Қазіргі уақытта 20 студент қазақ тіліндегі жаңа курсты сәтті аяқтап, компьютерлік көру бойынша қорытынды жобаны әзірлеуге кірісті.
ҚазҰУ жоғары оқу орындарына арналған «Samsung IT академиясы» әлеуметтік-білім беру жобасының серіктесі. Соның аясында ақпараттық технологиялар факультетінің студенттеріне «Жасанды интеллект» курсы қолжетімді бола түсті. Сабақта Stepik платформасындағы «Нейрондық желілер және компьютерлік көру» онлайн-курсы қосымша оқытылады.
Кәмила ЕРКІНҚЫЗЫ