Жаңалықтар

ҚазҰУ-да профессор Мая Бағызбаеваның 90 жылдығы атап өтілді

12.05.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология ғылымының докторы, профессор Мая Бағызбаеваның 90 жылдық мерейтойына арналған «XIII Бағызбаева оқулары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ғылыми басқосуға ҚазҰУ ғалымдары, тіл жанашырлары, оқытушылар мен білім алушы жастар қатысты. Жиында ғалымдар пікір алмасып, тәжірибе бөлісіп, заманауи филологияның өзекті мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Абай институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев зерделі ғалым Мая Бағызбаеваның мәдениет пен өнерге деген көзқарасы ерекше болғанын атап өтті. «Оның кітапханасында шежірелер мен әдеби ескерткіштер туралы көптомдық жинақ болды. Сонымен қатар ол орыс фольклорлық шығармаларын және соған қатысты тың ақпараттардың барлығын зертханасында сақтап келді. Ол мәдениет пен өнерге өзінің айрықша үлесін қосты. Мая Бағызбаева бірнеше ғылым докторын даярлап, ғылым кандидаттарының тұтас тобын тәрбиелеп шығарды», – деді профессор.

Орыс тілі мен әдебиеті пәні оқытушыларының халықаралық қауымдастығы президиумының мүшесі және Қазақстандағы қауымдастықтың президенті, Халықаралық жоғары оқу орындары ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы Элеонора Сүлейменова өз баяндамасында М.Бағызбаеваның мұрасы филологтардың барлық буыны үшін баға жетпес қазына екенін жеткізді.


Сондай-ақ конференция барысында ҚР Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымының докторы, Орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының профессоры Аслан Жақсылықов сөз сөйлеп, Мая Бағызбаева туралы өз ойын білдірді. «Мая Бағызбаева – тарихта аты алтын әріппен жазылған ғалым. Ол керемет ұстаз. Мейірімді, мінезі жұмсақ, әріптестері мен студенттеріне өте жанашыр болатын. Бізді ғылым мен шығармашылыққа жетелеп әкелген осы кісі болатын», – деді Аслан Жақсылықов.


М.Бағызбаева – бірнеше рет басылып шыққан оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Оның ішінде «Орыс әдебиеті» (1992), «ХVІІІ ғасырдағы орыс әдебиеті», «Орыстың ауызша халық шығармашылығы», «Ежелгі орыс әдебиеті», «Фольклор тәжірибесі» т.б. бар.

Пленарлық отырыста Ресей халықтар достығы университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Владимир Синячкин, филология ғылымының кандидаты, профессор, Әлем әдебиеті және халықаралық байланыстар кафедрасының меңгерушісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Светлана Ананьева және т.б. баяндама жасады.

Конференцияның тақырыптық секцияларында Бақыт Қайырбековтің «Дәуір тоғысында» деректі фильмі көрсетілді. Сондай-ақ «Конспект» кітабының тұсаукесері (Е.Сүлейменова, Н.Шаймерденова, Д.Ақанова, М.Аймағамбетов) мен «Әлеуметтік лингвистика, теория және аударма практикасы» зертханасының ашылу рәсімі ұйымдастырылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі