- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да Конституция күніне арналған конференция өтті
27.08.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасының Конституциясы: тарихы және жаңа саяси болмысы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Өзбекстан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Мырза-Ұлықбек Әбдусаломов, Қырғыз Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Эмиль Осконбаев, Тәжікстан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Абдулхафиз Ашурзода, Армения Республикасы Ұлттық жиналысының Мемлекеттік-құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Владимир Варданян, Грузия Конституциялық сотының экс-төрағасы Георгий Папуашвили, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты.
Жиында Қайрат Мәми сөз сөйлеп, жиналғандарды Конституция күнімен құттықтады. Сонымен қатар өз сөзінде ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы бүгінгі конференцияның маңызына тоқталды.
«Еліміздің Ата Заңы жаңа Қазақстан жетістіктерінің берік кепіліне айналды. Тиімді құқықтық жүйені орнықтыру арқылы біз экономикалық өсімге және қоғамның әл-ауқатының артуына қол жеткізіп, елімізде тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді қалыптастырдық. Конституция – азаматтардың құқығы мен бостандығын, қуатты мемлекетіміздің егемендігі мен бүтіндігін сақтайтын темірқазық. Кеше Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында Конституция күніне арналған шаралар ұйымдастырылды. Оған Орталық Азия, Армения, Грузия, Молдова елдерінен әріптестеріміз келіп, пікір алмастық. Аталған шаралар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жалғасын табуда. Бүгінгі конференцияның маңыздылығы жоғары», – деді Қайрат Мәми.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ата Заңның мемлекеттік құрылым мен саяси басқарудағы маңызды рөліне тоқталды.
«Ағымдағы жылдың 5 маусым күні Қазақстан Республикасы Конституциясына бүкілхалықтық референдум арқылы мемлекетіміздің саяси дамуының түбегейлі жаңа векторын айқындап берген іргелі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл ретте 1995 жылғы Конституцияның негізіне алынған демократиялық және әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар сабақтастығы қағидаттарының сақталғанын айта кету қажет», – деп атап өтті университет ректоры.
Конференция барысында көршілес елдерден арнайы келген құрметті меймандар сөз сөйлеп, қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтады.
«Егемендігін алғаннан кейін Қазақстан өзінің тарихи таңдауын жасап, Ата Заңды қабылдады. Сіздерді мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын! Рухтарыңыз асқақ, келешекке деген сенімдеріңіз айқын, жігерлеріңіз қайратты, әрбір бастамаларыңыз ел игілігі үшін жемісті болсын!» – деді Мырза-Ұлығбек Әбдусаломов.
Конференция соңында Жансейіт Түймебаев Өзбекстан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Мырза-Ұлығбек Әбдусаломовқа, Қырғыз Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Эмиль Осконбаевқа, Тәжікстан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Абдулхафиз Ашурзодаға «Әл-Фараби» алтын медалін табыстады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі