Жаңалықтар

Қаламгерге құрмет

8-қыр-22

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында көрнекті қаламгер, әдебиеттанушы ғалым, публицист, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбайұлының 70 жасқа толуына орай «Ө.Оралбайұлының шығармашылығы және бүгінгі қазақ поэзиясы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Кездесуді ашқан университеттің Басқарма мүшесі – Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Хайдар Тасыбеков Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаевтың мерейтой иесіне арналған құттықтау хаттарын оқып берді.


Сонымен қатар ҚазҰУ Ғылыми Кеңесінің шешімімен Өтеген Оралбайұлы университетің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы мазмұнды баяндама жасап, мерейтой иесінің шығармашылық жолына тоқталды.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, жазушы Мереке Құлкенов қаламгер қауымының атынан арнайы құттықтап, Өтеген Оралбайұлының қазақ әдебиетінің дамуына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

Зинол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали, Дандай Ысқақ, Тұрсынбек Баймолдаев сынды әдебиетші ғалымдар сөз сөйлеп, мерейтой иесінің тіл білімі мен әдебиеттану саласындағы ғылыми еңбектеріне талдау жасады.

Факультет декандары Баян Жолдасбекова, Нұржан Қуантай, Досбол Байқонақовтар ұжым атынан ізгі тілектерін білдірді.


Филология факультетінің 1-курс студенттері П.Балғынбаева, Т.Жеңісқызы, О.Нұрмұхамед, Б.Асланбек, Ф.Рашид ақын Өтеген Оралбайұлының өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.

Кездесу соңында қонақтар, оқытушы-ғалымдар мен студенттер мерейтой иесінен қолтаңба алып, естелік суретке түсті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі