Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «Өркениеттер арасындағы алмасу және ынтымақтастық қорының» негізін қалаушы және президенті Имам Мохаммад Башар Арафатпен кездесті. Жүздесуде тараптар өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Мәртебелі мейман университет басшылығына қонақжайлығы үшін алғыс білдіріп, қордың қызмет аясына тоқталды. Ол қордың негізгі миссиясы мұсылмандар мен басқа діни конфессиялар адамдарының татулығы, құрметі мен ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ету екенін айтты. Осы бағытта өткізіліп жатқан діни және мәдени тренингтер, конфессияаралық конференция жұмыстарымен таныстырды. Ізгілікті жобаны Қазақстанның жетекші университетінде жалғастыру ниетін жеткізді.
Өз кезегінде ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев Мохаммад Арафат мырзаның әлемдегі тыныштықты сақтау жолындағы еңбегін атап өтті.
«Біз Ислам ынтымақтастық ұйымының мүшесі болып саналамыз. Ислам әлеміндегі қарым-қатынасты дамытуға мүдделіміз. Оған ғалымдарымыз сүбелі үлес қосуда. Университет қабырғасында шығыс елдері, мәдениеті мен дін тақырыбында зерттеулер жүргізіледі. Шығыстану факультетінде парсы тілдері үйретіліп, дипломатия қатар оқытылады. Сіздің қызметіңізбен тоғысып жатқан тұсымыз көп. Сондықтан ортақ мақсаттарды бірлесе жүзеге асыруға мүдделіміз», – деді Жансейіт Түймебаев.
Сонымен қатар ректор құрметті қонаққа ҚазҰУ жетістіктері және университетте ұйымдастырылған ауқымды конференциялар жайлы мағлұмат беріп, студенттерге дәріс оқуға шақырды.
Жиын соңында тараптар ынтымақтастықтың өзекті бағыттары бойынша ұсыныстарды кеңінен қарастыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі