Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев көрнекті ғалым, «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың ғылыми қызметіне арналған конференция жұмысына қатысты.
Іс-шараға мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымның әріптестері мен шәкірттері жиналды.
Конференцияға қатысушылар Рахман Алшанұлының отандық білім мен ғылымды дамытуға қосқан өлшеусіз еңбегін атап өтті.
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бүгінгі шара «Тұран» университеті үшін ғана емес, Қазақ ұлттық университеті үшін де ерекше оқиға екенін жеткізді.
«Рахман Алшанұлының өмір жолы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланысты. Рахман Алшанов көп жылдар бойы жоғары оқу орнының сол кездегі ректоры Өмірбек Жолдасбековпен бірге еңбек етіп, ҚазҰУ қалашығының қалыптасуына үлкен үлес қосты. Еңбек жолын Экономика кафедрасында оқытушы болып бастап, факультет деканы болды. Шәкірт тәрбиелеп, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырып, мазмұнды ғылыми еңбектер жазды. Рахман Алшанұлы республикамыздағы алғашқы жекеменшік «Тұран» университетін құрып, бүгінде оқу орнын ірі білім беру корпорациясы деңгейіне көтерді. Сонымен қатар еліміздегі Жоғары оқу орындарының қауымдастығын басқарып, еліміздегі жоғары мектептің өркендеуіне ықпал жасап келеді. Рахман Алшанұлы ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшесі ретінде университетімізге үнемі қолдау көрсетеді», – деді Жансейіт Түймебаев.
Сөз соңында университет басшысы мерейтой иесін ҚазҰУ-дың дамуына қосқан зор үлесі үшін «Әл-Фараби» алтын медалімен марапаттады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі