- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да «Иран-Қазақстан фарабитану» орталығы ашылады
20.09.2022Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Мохсен Фагани жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Иран делегациясы мен ҚазҰУ басшылығы ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық келешегін талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев университет жетістіктеріне қысқаша тоқталып, құрметті қонақ назарын шығыстану факультетіндегі ирантану бөлімінің қызметіне аударды. Осы күнге дейін бөлімді 170 бакалавр, 25 магистр және 4 докторант тамамдаған. Сонымен қатар ЖОО басшысы ирандық оқытушылар мен профессорларды дәріс оқуға шақыру ниетін жеткізді.
ҚазҰУ бүгінгі таңда Иран қорлары, университеттері, институттар және орталықтарымен тоғыз келісім жасасты. Атап айтсақ, Тегеран университеті, Шахид Бехести университеті, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінің мәдени өкілдігі, Гуманитарлық және мәдени зерттеулер институты, Шахез Пажу зерттеу институты, Гуилиан университеті, Саади қоры және т.б.
«ҚазҰУ ирандық серіктестермен білім және ғылым саласындағы белсенді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Қазақстан мен Иран байланысы тату көрші, серіктестік рухына толық сай және өзара тиімді ынтымақтастығымыздың көрінісі», – деп атап өтті Жансейіт Түймебаев.
2022 жылғы 19 маусымда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иран Ислам Республикасына ресми сапары барысындағы уағдаластық аясында ҚазҰУ «Иран-Қазақстан фарабитану» ғылыми-зерттеу орталығын ашуға ниетті. Осы міндетті жүзеге асыруда Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасы Бас консулдығы қолдауына және өзара тиімді ынтымақтастыққа үмітті екенін білдірді.
Өз кезегінде бас консул Мохсен Фагани Иранның ғылымы мен білімінің даму деңгейі туралы айтты. Бірлескен білім беру жобасын іске асыруға және Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықтың басқа да бағыттарын дамытуға қолдау танытты.
Кездесу нәтижесінде маңызды мәселелер талқыланып, тиімді қарым-қатынастарды нығайту бойынша жоспар белгіленді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі