Жаңалықтар

ҚАЗҰУ РЕКТОРЫ «DIGITAL BRIDGE 2022» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ

29.09.2022

Астана қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумы өтті.

Іс-шараға ҚР премьер-министрі Әлихан Смаилов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдардың жетекшілері, отандық және халықаралық сарапшылар қатысты.

Президентке Astana Hub IT экожүйесінің қазіргі қызметі және Google for Startups компаниясымен бірлескен бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде баяндалды, сондай-ақ Alem бағдарламалау мектебі мен «Қазақстан халқына» қорының жобасы таныстырылды.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев стартап аллеясындағы әрбір жобаға арнайы тоқталып, компания өкілдерінің жетістіктерін тыңдады. Олардың бірқатары тек Қазақстан нарығымен шектелмей, шетел нарығына да шыға бастаған.

Мемлекет басшысына, атап айтқанда, аймақтық авиакомпанияларға арналған Farel авиациялық софттың жаңа буыны, Arbuz интернет супермаркеті, Zypl.ai жасанды интеллект зауыты, UvU Ridesharing балалар мен әйелдерге арналған қауіпсіз тасымалдау қызметі, Parqour ақылды тұрақ қызметі, сloud-есептеулерді жеңілдететін FIBO Cloud қызметі және Intebix криптобиржасы секілді стартаптар таныстырылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына Blockchair, Playrix, EPAM, inDriver халықаралық IT-компанияларын Қазақстанға тарту және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру нәтижелері туралы баяндалды.

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев форумның пленарлық отырысында баяндама жасады. Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, жыл сайын өтетін Digital Bridge форумы төрт жылда ірі және маңызды өңірлік алаңға айналғанын атап өтті.

Президент, сарапшылардың болжамы бойынша, он жылдан кейін әлемде өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы цифрлық платформалық модельдер негізінде құрылатынын мәлімдеді. Мұндай жағдайда Қазақстан өзіне еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу стратегиялық міндетін қойды. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан көптеген дамыған елден озып, БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік 30 елдің қатарына кіреді. Дегенмен Қазақстанды одан әрі цифрлық трансформациялау үшін көп жұмыс істеу керек. Президент өз сөзінде оның басымдықтарын айқындап берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі