Жаңалықтар

Түркістанда ҚазҰУ-дың екі наноспутнигі ұшырылды

03.10.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің екі ультразаманауи наноспутнигі Түркістаннан 50 шақырым жерде атмосфераның жоғарғы қабатына ұшырылды.

Бұл тәжірибелік сынақ оқу орнының Қазақстан-UNICEF-пен бірлескен UniSat білім беру хабының ашылуы аясында жүзеге асты.

UniSat – бұл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қазақстан-UNICEF-тің бірлескен білім беру бағдарламасы. Оның мақсаты наноспутниктерді әзірлеу саласында қыздардың білімі мен біліктілігін дамыту, сондай-ақ командалық жұмыс, шешендік өнер, тайм-менеджмент және креативтілік сияқты дағдыларды жетілдіру болып табылады. Бағдарлама гендерлік стереотиптерді жоюға және STEM білім беру саласындағы қыздардың үлесін арттыруға бағытталған.

«ҚазҰУ-дың UniSat спутниктері білім беру мақсаттарына арналған және салмағы 1-ден 10 келі аралығындағы шағын ғарыш аппараттары класына жатады. Олар бірнеше камера және сенсорлармен жабдықталған. Қабылдағыштар ауа температурасы, қысымы, ылғалдығы туралы мәліметтерді жинайды. Ал, ауаның ластанғанын өлшейтін қабылдағыштар адам ағзасына өте қауіпті болып саналатын PM2,5 және PM10 микробөлшектерінің концентрациясын анықтайды», – дейді ҚазҰУ инжиниринг және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры – жоба үйлестірушісі Әмірхан Темірбаев.

Спутникті іске қоспас бұрын қатысушылар UniSat наноспутниктерінің ішкі жүйелерін өздері бағдарламалап, зертханалық жағдайда сынап көрді. Олар 3D-модельдеу, бағдарламалық басқару блоктарын жобалау, бағдарламалық және аппараттық қамтамасыз етуді әзірлеу дағдылары туралы білім алды. Нәтижесінде, оқушы қыздар ҚазҰУ ғалымдарының жетекшілігімен наноспутниктен алынған деректерді өңдеуді үйренді. Сондай-ақ, деректерді визуализациялауды және миссияның соңғы есебін жазуды меңгерді.

Мәліметтерді талдау барысында Түркістан қаласының аумағындағы ауа құрамының микробөлшектер бойынша көрсеткіші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған көрсеткіштерден жоғары емес екені анықталды. Дәлірек айтатын болсақ, PM2.5 сенсорының көрсеткіші 5-тен 20 мкг/м3-ке дейін, ал PM10 сәйкесінше 10-нан 40 мкг/м3-ке дейінгі аралықта болды. Бұл орташа тәуліктік нормадан аспайды. Наноспутниктерден алған бұл деректерді ғылыми және тәжірибелік мақсаттарда пайдалануға болады.

Сондай-ақ хабтың ашылу күнінде ҚазҰУ ғалымдары Түркістан өңірінің физика пәні мұғалімдеріне атмосфераның жоғарғы қабаттарына шар-зондтардың ұшу технологиясы бойынша тәжірибелік мастер-класс өткізді. Олар шар-зондтардың ұшу траекториясын және оның қону орнын алдын-ала есептеуді үйренді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бүгінге дейін Al-Farabi-1  және Al-Farabi-2 наноспутниктерін ұшырды. 2018 жылы Илон Масктың атақты SpaceX компаниясының көмегімен ұшырылған наноспутник әлі күнге дейін штаттық режимде жұмыс істеуде.

Қазір атмосфораға ұшырылып жатқан UniSat спутниктері – қазіргі таңда сынақтан өтіп жатқан инженерлік модельдер. Осыған дейін олар Алматы облысы, Өзбекстанның Навои облысында сыналды. ҚазҰУ ғалымдары жобаны жетілдіре отырып, болашақта UniSat спутнигін ғарышқа ұшыруды көздеп отыр. ҚазҰУ инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерінде ғарыш технологиялары, Жерді қашықтықтан зондтау, сондай-ақ наноспутниктерді әзірлеу саласында қолданбалы және іргелі зерттеулер жүргізуге арналған мамандандырылған зерттеу жабдығы бар.

Айта кетсек, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабы. Ол әлемдік академиялық қауымдастықты ғаламшар ресурстарын сақтау, сапалы білім мен әл-ауқатқа қолжетімділікті қамтамасыз ету, инновацияларды дамыту, экожүйелерді сақтау сынды адамзаттың тұрақты дамуының 17 мақсатын іске асыруға белсенді түрде тартады.

ҚазҰУ мен Қазақстан-UNICEF бірлескен UniSat білім беру бағдарламасы Тұрақты даму қағидаттарын іске асыру бойынша университет жұмысының кезекті нәтижесі болып табылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі