Жаңалықтар

ҚазҰУ ректоры «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезіне қатысты

06.10.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Астана қаласында өткен  «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезіне қатысты. 

Шараға саяси кеңестің мүшелері, Парламент депутаттары, өңірлерден келген 700 делегат, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жиналды.

Күн тәртібіне сәйкес, бірінші кезекте алдағы президент сайлауына партиядан кандидат ұсыну мәселесі қаралды. Пікір алмасып, дауыс беру рәсімінен кейін съезд шешімімен «AMANAT» партиясы президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.

Сонымен қатар жиын барысында партияның жаңа Саяси тұғырнамасы бекітілді. Негізгі идеологиялық құжат дамудың негізгі бағыттары мен саяси бірлестіктің принциптерін көрсетеді.

Партия төрағасы Ерлан Қошанов съезде қабылданған "AMANAT-тың" Саяси тұғырнамасы ұзақ мерзімді және стратегиялық құжат екенін атап өтті. 

«Жалпы, бүгінгі съезді тарихи деп айтуға толық негіз бар. Біз партияның жаңа Саяси тұғырнамасын қабылдадық. Тұғырнаманың басты қағидасы – адам, қоғам және мемлекет. Ондағы принциптер Президентіміздің саяси реформаларымен үндес әрі сабақтас. Партия алдағы қызметінде осы ұстанымдарды басшылыққа алады», - деді Ерлан Қошанов.

Съезде партия мүшелері, Мәжіліс депутаттары, өңірден келген делегаттар баяндама жасап, партияның жаңа Саяси тұғырнамасына қатысты пікірлерін білдірді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі