Жаңалықтар

ҚазҰУ студенттері POSCO-2022 стипендиясының иегері атанды

13-қаз-22

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде POSCO-2022 қорының стипендиясын тапсыру рәсімі өтті. Оған POSCO International Corporation қорының өкілдері мен бас директоры Пак Бенг Ук, ҚазҰУ басшылығы, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Шараны ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Хайдар Тасыбеков ашып, құрметті қонақтарға ерекше ілтипат білдірді. «POSCO қоры 15 жыл бойы ҚазҰУ-дың сенімді серіктесі және студент жастарға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді», – деп атап өтті проректор.  


POSCO стипендиясы Азияның 10 еліндегі 12 университеттің үздік студенттеріне беріледі. Бүгінде қор мен ЖОО арасындағы ынтымақтастық аясы кеңейіп, нәтижесінде білім алушыларды жаңа жетістіктер мен шығармашылық жеңістерге жетелейтін жұмыстар атқарылуда. Оның айқын көрінісі – екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал еткен стипендиаттардың жетістігі.

Өз кезегінде Пак Бенг Ук мырза университет басшылығы мен оқытушыларына қонақжайлығы үшін алғыс білдіріп, ғылым мен білім беру саласында одан әрі ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар Дж. Пак атындағы ПОСКО (POSCO) оңтүстіккореялық болат комбинаты халықаралық қоры (POSCO) жариялаған стипендия конкурсының қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан 10 үздік студент таңдалғанын мәлімдеді.

Кездесуде қор директоры cтуденттерге POSCO Asia Fellowship 2022 стипендиясының сертификаттарын салтанатты түрде табыстады. Экономика және бизнес жоғары мектебінің үздік алты студенті, медицина және денсаулық сақтау, заң, механика-математика және журналистика факультетінің білімгерлері стипендия иегері атанды. Әр студентке 800 АҚШ доллары көлемінде грант берілді.

– Маған стипендия тағайындағаны үшін қорға шын жүректен ризашылығымды жеткіземін. Стипендия – студент жастарды қолдау және шығармашылық әлеуеті мен белсенділігін одан әрі арттырудың жарқын үлгісі. Мен өз тарапымнан қоғам игілігі және кәсіби салада өсу үшін тұлғалық дамуыма бар күшімді саламын, – деді ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінің 3-курс студенті Асан Әбдірахым.

Шара соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы –Ректоры және университет ұжымы атынан International Corporation POSCO қорының бас директоры Пак Бенг Укке көпжылдық және жемісті ынтымақтастығы үшін оқу орнының Үлкен алтын медалі табысталды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі