Жаңалықтар

Колумбия университеті жанындағы Жер институтымен ынтымақтастық артады

14.10.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ЖОО басшылығының Колумбия университеті жанындағы Жер институтының директоры Янис Бен Амормен кездесуі өтті. Жүздесуде екіжақты ынтымақтастықтың даму келешегі талқыланды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев әлемнің жетекші университеттері және ғылыми-зерттеу орталықтарымен байланыстың маңызына тоқталды.

«Бүгінгі таңда ҚазҰУ АҚШ-тың түрлі саладағы академиялық мекемелерімен қарқынды ықпалдастықта. Қазірге дейін 10-нан астам жетекші университет, институт, ғылыми орталық, қауымдастық және үкіметтік емес ұйымдармен келісімге қол қойылды. Түрлі білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобалар табысты жүзеге асырылуда», – деді ректор.

Кездесу барысында ҚазҰУ-дың Америка Кеңесімен 2014 жылдан бері келе жатқан ұзақ мерзімді ынтымақтастығы атап өтілді. Онымен келісім аясында университет жыл сайын америкалық студенттерді бір жылдық және жазғы тіл тағылымдамасына қабылдайды. Осы уақыт аралығында «Флагман», «Орыс тілі» және «Халықаралық дипломатия» оқу бағдарламалары бойынша 340 америкалық студент ҚазҰУ-да білім алды.

Ал 2011 жылдан бастап Колумбия университетінің Жер институты және әлемнің 24 жетекші университетін біріктіретін ҚазҰУ-MDP/Global Classroom бірлескен бағдарламасы іске асырылуда. MDP/Global Classroom – пәнаралық ынтымақтастықты дамытатын және әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер мен оқытушыларға арналған онлайн курстар. Осы бағдарлама негізінде ҚазҰУ магистранттары мен докторанттарына ағылшын тілінде курстар өткізіледі. Сонымен қатар соңғы екі жылда ҚазҰУ-ға шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында АҚШ-тан сегіз сарапшы шақырылды.

Өз кезегінде Янис Бен Амор ҚазҰУ басшылығына қонақжайлылығы үшін алғыс білдіріп, Жер институты қолға алған жаңа жобалармен таныстырды. ҚазҰУ-мен қарым-қатынас аясын кеңейтуге және тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ ҚазҰУ ректоры тәжірибелі маманды оқу орны студенттеріне көшбасшылық дәріс оқуға шақырды. Тараптар әріптестік бағыттар бойынша пікір алмасып, алдағы уақытта өзара тиімді келісімге қол қоюға уағдаласты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі