- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Стратегиялық серіктестік
18.10.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Цукуба университетінің профессоры Такаши Ниномиямен кездесті.
Университет басшысы өз сөзінде екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық барысына тоқталды. Цукуба университетімен келісімге қол қойылған сәттен бастап ғылыми-зерттеу және білім беру қызметін дамытуға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылды. Биыл 8 докторант, 1 магистрант, 15 бакалавр және 4 ҚазҰУ қызметкері Жапонияда академиялық ұтқырлық бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуде. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да Кобе, Токио шет тілдер және Токио университеттерінен алты студент білім алуда.
«Сіздің Цукуба университетіндегі «Кампустағы кампус» жобасының үйлестірушісі ретіндегі жұмысыңызды ерекше атап өткім келеді. Жоба аясында ҚазҰУ-мен қатар, Бордо, Тайвань, Сан-Паоло, Гренобль, Утрехт сынды әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен табысты жобаларды жүзеге асырып келесіз», – деп атап өтті Жансейіт Түймебаев.
Жапондық профессор шығыстану саласындағы білікті маман ретінде ҚазҰУ-да 2014 жылдан бері сабақ беріп келеді. Бүгінде оның үйлестіруімен Цукуба университетінде Әл-Фараби орталығы ашылып, жүйелі жұмыс істеуде. ҚазҰУ ректоры әңгіме барысында бірлескен жобалар мен білім беру бағдарламаларын дайындауға атсалысқаны үшін профессорға алғыс білдірді.
Өз кезегінде Такаши Ниномия ұзақ әрі жемісті ынтымақтастық үшін ризашылығын жеткізіп, өзара тәжірибе алмасудың маңызына назар аударды. Нәтижесінде 2015 жылы ақпанда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде Жапония мен Орталық Азияны зерделеу жөніндегі ғылыми-білім беру орталығы – Цукубаның Алматы кеңсесі құрылды. 2020 жылы желтоқсан айында Цукуба университеті жанындағы алғашқы Әл-Фараби орталығы ашылды.
«Бүгінгі таңда біздің университеттер арасында ғылым мен білім берудің түрлі бағыттары: конференциялар, семинарлар, тренингтер бойынша бірлескен халықаралық шараларды өткізу белсенді дамып келеді. Біз тәжірибе алмасу үшін өзара тиімді серіктестікті нығайтуға мүдделіміз», – деді Ниномия мырза.
Сондай-ақ кездесуде университеттер арасындағы ынтымақтастықтың алдағы бағыттары мен мүмкіндіктері талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі