Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Вашингтон университеті Таяу Шығыс тілдері және өркениеті кафедрасының профессоры Талант Мауқанұлы мен Германияның Гиссен университетінің профессоры Майкл Гесті қабылдады. Әңгіме барысында еліміздегі және әлемдегі түркітану саласының дамуы сөз болып, түркологияның өзекті мәселелері талқыланды.
ҚазҰУ басшысы Қазақстан түркі мемлекеттерінің орталығы екенін атап өтіп, бабалар мұрасының баға жетпес құндылығына тоқталды. Түркологияның өзекті мәселелері бойынша ҚазҰУ ғалымдарының ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде университетте түркітану және тіл теориясы кафедрасы табысты жұмыс істеп келеді.
Түркі және әлеуметтік-мәдени лингвистика ғалымы Талант Мауқанұлы жүздесуде түркология саласындағы өз көзқарастарын ортаға салды. Ол Орталық Еуразия мен Қытайдағы тілдерге, олардың әлеуметтік және мәдени контекстіндегі тілдерге, тілдің жойылып кетуіне, аз ұлтты тілдерге және этникалық ерекшелікке баса назар аударды. Бұл салада ауқымды дала жұмыстарын жүргізгенін айтып, қазіргі уақытта Шағатай қолжазба дереккөздері бойынша жобалармен айналысатынын жеткізді.
Өз кезегінде түркология бойынша PhD докторы Майкл Рейнхард Германиядағы ғылыми-зерттеу жұмыстары жайлы әңгімеледі.
Түркітанушы шетелдік ғалымдар ҚазҰУ-дың зор әлеуетін ерекше атап өтіп, өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделілік танытты. Сондай-ақ жүздесуде түркі тілдерін зерттеу, оны түпнұсқадан қайта оқудың маңызы және түркілік ортақ қазынаны молайту сынды мәселелер кеңінен қозғалды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі