Жаңалықтар

ҚазҰУ-да Жас ғалымдар қоры құрылады

18.10.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күніне орай, жас ғалымдар мен үздік білім алушылар форумы өтті. Оған университет басшылығы мен оқытушы-профессорлар құрамының өкілдері, докторанттар, магистранттар мен білім алушылар қатысты.

Форумды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, Республика күніне арналған шараның мәні мен маңызын атап өтті. «Сіздер еліміздің болашағы, жаңа Қазақстанды құрушы жаңа буын өкілдерісіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан – дарынды жастар мекені.  Бүгінгі жастар ғылым мен технологияның қыр-сырын игерген өте білімді, алғыр. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деп айрықша атап өткен болатын», – деді ректор.  


Бүгінде жас ғалымдардың, талантты студенттердің шығармашылық, ғылыми әлеуетін дамытуда университет барлық қажетті жағдайды жасауда.

ҚазҰУ-да 40 жасқа дейінгі 300-ден астам жас ғалым жұмыс істейді. Олардың ішінде 49-ы – Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жас ғалым» жобасының жеңімпазы. Көпшілігі әлемнің жетекші университеттері мен орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтті. Жас зерттеушілердің ғылыми жетістіктері Қазақстанда және шетелдерде жоғары бағаға ие. Биылғы 2022 жылы жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру аясында 900 млн теңгеден астам 60-қа жуық жоба орындалуда. Білім ордасының басшысы бұл ҚазҰУ жастарының жоғары ғылыми-инновациялық әлеуетін көрсететінін жеткізді.

География және табиғатты пайдалану факультетінің оқытушысы, PhD кандидаты, коммерцияландыру бойынша жобаларды орындаушы Елдар Нұрұлы өз баяндамасында «Туризмнің цифрлық контентін жаңғырту: мобильді қосымшалар, панорамалық 3D турлар, интерактивті карталар және QR кодтары» атты жобасының нәтижелерін коммерцияландыру тәжірибесімен бөлісті.

«Бұл жобаның миссиясы – ішкі туризмді дамыту арқылы ел экономикасын әртараптандыру және Қазақстанның туристік бағыттары туралы ақпаратты шоғырландыру. Біз бұл мәселелерді цифрлық технологияларды, атап айтқанда: мобильді қосымшаларды, панорамалық 3D виртуалды турларды, QR-кодтарды, интерактивті карталарды генерациялауды пайдалана отырып жүзеге асырамыз», – деді ол.

Жиында сөз алған биология және биотехнология факультетінің «Жас ғалым» постдокторанты Әйгерім Мамырова «Жас ғалымдар: өсу және өзін-өзі жетілдіру мүмкіндіктері» тақырыбын қаузады. Ол көптеген ұлы ғалымдар үшін ғылымға жол жас кезінен басталғанын тілге тиек етті. Томас Эдисон 30 жасында фонограф ойлап тапты, ал Альберт Эйнштейн 26 жасында салыстырмалылық теориясын ашқанын мысалға алды. «Қазақстандық жастардың қазір үлкен мүмкіндіктері бар – «Жас ғалым» және Erasmus Mundus бағдарламалары, «Болашақ», «Абай Верн» стипендиялары және тағы басқа қолдаулар бар. Жас зерттеушілерден табандылық пен қайсарлық, ғылыми конференцияларға белсенді қатысу, жеке брендті нығайту және жақсы нәтижелерге қол жеткізуге көмектесетін басқа да іс-әрекеттер қажет», – деді Әйгерім.

ҚазҰУ-дың «Қоғаммен байланыс» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Аружан Қабдолова өз сөзінде адамның өмірін ұзартуға, денсаулығын бақылауға және жақсартуға, қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ғылымның рөлін жоғары бағалады. Ең бастысы – ғылым өмірге жаңа серпін беретінін айтты. Ғылыми жетістіктер ҚазҰУ-дың тыныс-тіршілігін қалай өзгерткеніне назар аудара отырып, Аружан: «Мен біздің жастарымыз, әрбір жас маманның қазіргі және жарқын болашағымыздан шабыт алып, ғылымға шығармашылық қызығушылық танытқанын және өз саласында жұмыс істегенін қалаймын», – деді.

Сонымен қатар жиында химия және химиялық технология факультетінің PhD докторанты Федор Мальчик, «Халықаралық қатынастар (РУДН)» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Айдана Тоқберген пікір білдіріп, өз ұсыныстарымен бөлісті.

Форум аясында зерттеулерді коммерцияландыру мәселелері және университеттің жас зерттеуші ғалымдарының ғылыми қызметінің өзекті бағыттары талқыланды.

Жиын соңында ректор жас ғалымдармен еркін форматта кездесіп, ғылымдағы өзекті мәселелерді талқылау үшін Жас ғалымдар клубын құруды және ғылыми жетістіктер көрмесін ұйымдастырып, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге жол ашатын Жас ғалымдар қорын құруды тапсырды.

 

Елдар НҰРҰЛЫгеография және табиғатты пайдалану факультетінің оқытушысы, PhD-кандидаты, коммерцияландыру бойынша жобаларды орындаушы: 

Туризмнің цифрлық контентін жаңғырту: мобильді қосымшалар, панорамалық 3D турлар, интерактивті карталар және QR кодтары

 

Қазіргі таңда ғылым мен өндірісті ұштастыру, коммерцияландыру өте өзекті мәселе. Осы орайда, біз «Ғылым қоры» желісі бойынша «Туризмнің цифрлық контентін жаңғырту: мобильді қосымшалар, панорамалық 3D турлар, интерактивті карталар және QR кодтар» жобасын жүзеге асырудамыз. Бүгінде аталмыш жоба постреализация кезеңінен өтуде. Бұл жобаның миссиясы  еліміздің экономикасын әртараптандыру және Қазақстанның туристік дестинациялары туралы ақпарат проблемаларын ішкі туризмді дамыту арқылы шешу. Осы мәселелерді біз цифрлық технологияларды қолдану арқылы іске асырудамыз, атап айтқанда: мобильді қосымшалар, панорамалық 3D виртуалды турлар, QR кодтарды генерациялау, интерактивті карталар.

Жоба аясында туристік қызметтерді тұтынушылар мен жеткізушілер үшін «2 TourismKaz» мобильді қосымшалары әзірленді.Қазақстанның туризмі туралы әзірленген интерактивті портал жаңа туристік нысандармен толықтырылуда. Жаңадан Қонаев қаласы және оның айналасы бойынша панорамалық 3D-турлар құрастырылды (бұған дейін Алтай, Маңғыстау, Бурабай, Рахманов бұлақтары және т.б. бойынша 3D-турлар жасалған болатын), сондай-ақ Қазақстанның жаңа 100-ден астам объектісінің QR кодтары генерацияланды.

Бүгінгі таңда, яғни соңғы 10 айда сату көлемі 21 млн теңгеден асты. Әзірленген «TourismKaz» мобильді қосымшаларына қорғау құжаттары алынып, оларды App Store және Google Play-ден тегін жүктеп алуға мүмкіндік бар.

Осы жобаның және ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудың арқасында біз миссиясы туристік қызметтерге цифрлық қолжетімділікті арттыру және қазақстандық туристік өнімдерді халықаралық туристік нарықта танымал ету үшін E-Tourism жаңа зертханасын ашқан болатынбыз.

Зертхана бағыты мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға сәйкес келеді. Қызмет бағыттары:цифрлық технологияларды пайдалану арқылы алынған ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру;туризм және қонақжайлылық саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу; сондай-ақ оқу-білім беру қызметі болып табылады.

Зертхана коммерцияландыру қаражатына сатып алынған барлық дерлік қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Біз, әрине, мұнымен тоқтап қалмайтынымызды атап өткім келеді. Біз алға қойған барлық мақсаттарға жету үшін аянбай еңбек етудеміз. Қазіргі уақытта цифрлық платформаларымызды пайдалануды коммерцияландыру мақсатында туристік қызметтерді жеткізушілермен келіссөздер жүргізілуде. Бірнеше туристік компаниямен қосылу туралы келісімшарттарына қол қойылды.

KazakhTourism ұлттық компаниясымен, Алматы облысының туризм басқармасымен, төрт облыстың ұлттық парктерімен бірлескен жобалар мен шаруашылық жұмыстарды іске асыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. 

Бұдан басқа, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізіліп, шетелдік ғалымдарға (Жапония, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея және т.б.) жаңа өтінім берілуде. Бұл ғылыми зерттеулер біздің болашақ коммерцияландыру жобаларымыздың іргетасы болады деп жоспарлап отырмыз.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерімді, әсіресе жас ғалымдарды тек ғылыми нәтижелерге қол жеткізумен ғана шектеліп қалмай, оны коммерцияландыруға, сол арқылы табыс табуға шақырамын.

Сондай-ақ Қазақ ұлттық университеті жас ғалымдарының ғылыми нәтижелерін коммерцияландыру бойынша кеңесін құру бойынша ұсыныс жасағым келеді. Осы орайда, осындай кішігірім жетістіктерге жеткізген, өзіме білім нәрін сусындатқан қара шаңырағыма – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, ғылыми жетекшілеріме, оқытушыларыма, бірлесіп зерттеу жүргізіп жатқан ұжымыма және университет ректоры Жансейіт Қансейітұлынаалғыс айтқым келеді. Біз секілді жас ғалымдарға әрі қарай да осындай қолдауларыңыз бізді одан әрі табысты ғылыми нәтижелерге жетелейді деген нық сенімдемін.

 

 

Айдана ТОҚБЕРГЕН, «Халықаралық қатынастар (РУДН)» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты: 

Қосдипломды білім беру бағдарламасының артықшылықтары мен перспективалары

 

ҚР Үкіметі еліміздің экономикалық дамуыменқатар, білім деңгейіне де назар аударудаОсы бағытта әртүрлі реформалар қабылданды.  Олардыңмақсаты – мемлекет қажеттілігіне сәйкес, білім беру сапасын жақсарту және жоғары дамыған шетелдердің тәжірибесін енгізу

Осы мақсаттардың орындалуының айқын бір көрінісі – қосдипломды білім беру бағдарламасы. Қосдипломды білім беру қазақстандық жоғары мектебінің халықаралық білім беру кеңістігіндегі тәжірибелік интеграцияның маңызды бағыты. Аталмыш бағыттағы жұмыс, жоғары оқу орнының білім беру, халықаралық білім беру кеңістігіндегі университеттің бәсекелестігін арттыру  мақсатындағы ЖОО дамуының басты стратегиялық бағыты бола отырып, Болон процесінің негізгі қағидаттары мен талаптарына сәйкес келеді. Қос диплом бағдарламасы студенттердің екі түрлі университетте қатар оқуын қамтидыҒылым және жоғары білім министрлігінің ақпараты бойынша қосдипломды бағдарламалар қазақстандық жоғары оқу орындары мен олардың әріптес жоғары оқу орындары арасында жасалған шарттар шеңберінде іске асырылады. Бүгінгі таңда 41 қазақстандық ЖОО серіктес ЖОО-мен бірлесіп 207 қосдипломды бағдарламаны іске асыруда, оның 63-і ағылшын тілінде. Оқыту қазақстандық студенттердің шетелдік жоғары оқу орындарына баруымен де, қашықтан оқытуды қолданумен де жүзеге асырылады.  

Осы үдеден шығып отырған университеттердіңбірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. 2009 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бакалавриат пен магистратураның бірқатар өзекті және сұранысқа ие мамандықтары бойынша қос диплом бере отырып, магистрлік білім беру бағдарламаларын іске асыру табысты жүзеге асырылуда. ҚазҰУ студенттерінің әрқайсысы халықаралық білім беру бағдарламаларында сапалы білім беру қызметтерін, серіктес жоғары оқу орындарының жетекші оқытушыларынан озық білім алады. ҚазҰУ студенттері тұрғылықты жері бойынша шетелдік білім беру бағдарламаларының модульдерін тыңдап, оқу-әдістемелік әдебиеттермен толық қамтамасыз етіледі, сондай-ақ соңғы интернет-технологияларды пайдалана алады. 

Қос диплом бағдарламасы студенттерге мамандықты халықаралық деңгейде игеруде әріптестеріне қарағанда заманауи, кең университеттік білім алуға көбірек мүмкіндік береді. Студенттер жаңа ортаға тез бейімделіп, бұл олардың мотивациясын ілгерілетіп, кейіннен бұл түлектердің ірі халықаралық компаниялар мен ұйымдардың өкілдіктеріне жұмысқа орналасу және оқуын жалғастыру кезіндегі салыстырмалы артықшылықтарына айналады. Бұл олардың қарқынды дамып келе жатқан жаһандық әлемде табысты кәсіби мансап жолын құруға негіз болады. Білім беру бағдарламаларын екі елдің жоғары оқу орындарының тиісті құрылымдары шарт негізінде әзірледі, онда барлық қажетті шарттар қаржыландыру, білім алушыларды іріктеу, білім беру бағдарламаларының мазмұны, оқу мерзімдері, берілетін білім туралы құжаттардың түрі мен мәртебесі және т.б. қарастырылады. Осы схема бойынша білім алудың артықшылықтары айқын: сол оқу кезеңінде білім алушы біздің екі елде заңды мәртебесі бар екі дипломға ие болады. Бұл тәсіл мемлекетаралық интеграциялық процестерге ықпал ететіні, түлектің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтетіні, оның ұтқырлығын арттыратыны сөзсіз

Өз басым Ресей халықтар достығы университетінде оқып, тәжірибе жинап келгендіктен, серіктес университеттер арасында ғылыми серіктестіктің аз екенін байқадым. Бұл бағытта жұмысты ілгерілету үшін менің ұсынысым – екі серіктес университет арасында ғылыми топтар құру және бұл топтардың жұмыс жасауға деген мотивациясын көтеру үшін әртүрлі жобалар, конкурстар ұйымдастыру. Бұл ғылыми бағыттағы жұмыстың сапалы дамуын тездетуге көмек береді деп ойлаймын. 

 

 

 

Аружан ҚАБДОЛОВА, «Қоғаммен байланыс» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті: 

   Бүгінгі ғылымның болашағы жастардың қолында

 

 
 Ғылым мен білім – қоғамда өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ғылым – жинақталған білімді жүйелеуге көмектесетін адам қызметінің түрлері. Оның негізгі міндеттері: фактілерді жинау; теорияларды алға тарту және дәлелдеу; жаңа технологияларды әзірлеу және қолданыстағыларын жақсарту. Ғылым – қоғамдық прогрестің ең қуатты қозғалтқышы. Ол бізге өмірді ұзартуға, денсаулығымызды бақылауға және жақсартуға мүмкіндік береді, адамды қажеттіліктерімен қамтамасыз етуге, негізгі қажеттіліктерді, соның ішінде азық-түлікті және энергия өндіруге көмектеседі. Сондай-ақ ғылым бізге жаңа коммуникациялық технологияның соңғы жетістіктерін пайдалану мүмкіндігін беру арқылы адам өміріне жаңа серпіліс әкелді. 

ҚазҰУ – мүмкіндіктер мекені. Бүгінде біздің бүгініміз бен болашағымызға жаңа дем, жаңа леп беруші болашақ жас маман ретінде жастардың ғылымға деген креативті қызығушылығын оятып, өз саласы бойынша қызмет атқарғанын қалаймын. Бүгінгі таңда көптеген пароль, яғни кілт сөздердің орнына Apple бастамасын әлем қолдауда және біз соған дағдыланып, болашақта «Универ» жүйесіне қарапайым кілт сөзден гөрі QR-код арқылы кіруге көшсе, кез келген студент ұялы телефон арқылы тек Google платформасы кілт сөзді сақтау арқылы ғана емес, жүйеге бірден Face ID бет әлпетін тану арқылы кіру құрылғысын жасап шығарса, студенттер қызығушылығы артар еді. Журналистика қазірде тамыры тереңде жатқан шынайы ақпараттарды зерттеп ашып, цифрландырылған жүйелерді date journalistic, digital PR, медиа дизайн аудиовизуалмен жұмыс жүргізіліп, мамандар даярлауда. Журналистика шын мәнінде ғылымға негізделген болуы қажетБіздің оқу процесі жаңа инновациялық жүйеге негізделген. 

Бүгінгі форумның спикері ретінде менің ұсынысымбакалавриаттан бастап, білімгерлерді ғылыми жобаларға қатыстыру. Мәселен, университетте 500-ге жуық ғылыми жоба республика көлемінде іске асырылуда. Сонымен қатар 100-ден астам халықаралық жоба да бар. Менің ойымша, бакалавриат білімгерлері университет деңгейінде бірқатар ғылыми жобаларды дайындап, іске асыруға дайын. Бұл ұсыныс инициативті түрде оқылып жатқан пәндер деңгейінде жүргізілуі мүмкін. Сонымен қатаруниверситет жыл сайын бакалавриатқа арналған конкурсты ұйымдастырса біз, білімгерлер, белсенді түрде қатысамыз. Жоба нәтижелері біздің кәсібимаман болуымызға үлесін қосады және білім мен ғылымды тығыз интеграцияландыруға әсер етеді. 

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі