- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ ректоры Баспасөз қызметінің жұмысымен танысты
04.11.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ақпарат және коммуникациялар департаментінің қызметімен және күрделі жөндеуден өткен жұмыс орнымен танысты.
Ректорды Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры – Баспасөз хатшысы Қаншайым Байдәулет қарсы алып, департамент жұмысы туралы ақпарат берді. Департамент қарамағына төрт басқарма және бір сектор кіреді. Баспасөз қызметі, «Farabi University» сайты, «Farabi Media» телестудиясы, «Qazaq universiteti» газеті басқармалары мен Ақпарат және мониторинг секторы оқу орны басшысының тапсырмасымен қайта жасақталып, ректораттың 3-қабатына орналастырылды. Баспасөз қызметінің телестудиясы құрылып, түсірілім бөлмесі, дыбыс жазу және монтаждау бөлмесі қолдағы бар техникалармен жабдықталып, пайдаланылуға берілді.
Барлық бөлмелер мен дәлізге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, есік-терезелер, жылыту жүйелері ауыстырылды. Қабырғалары қайта сыланып, заманауи әрленді. Еден төсеніштері (ламинат) мен жарық беруші шамдар орнатылды. Электр көздері, интернет желілері қайта жүргізілді. Журналистер тиісті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жиһаздар жаңартылды.
ҚазҰУ басшысы Ж.Түймебаев алдымен «Qazaq universiteti» газеті» басқармасының қызметімен танысты. Биыл қаңтар айында «Qazaq universitеti» газеті республикалық мәртебеге ие болып, «Қазпошта» каталогына енді. Газетке жазылу үшін Halyk bank QR қосымшасы арқылы төлем жасау жүйесі іске қосылды. Қазіргі таңда жазылушылар саны күннен-күнге артып, басылым еліміздің әр өңіріне тарала бастады. Газеттің дизайны түбегейлі өзгертіліп, «Көшбасшылық дәріс», «Кемел», «Инновация», «Білім интеграциясы, «Менің университетім», «Студенттер айнасы» сияқты түрлі жаңа айдарлар ашылды.
Жансейіт Қансейітұлы одан кейін «Farabi Media» телестудия басқармасының жұмысына қанықты. Студия телевизиялық бағдарламалар мен деректі фильмдерді түсіруге арналған. Қазіргі сәтте «Farabi Media» ютубканалы арқылы тарату үшін «Ойталқы», «ҚазҰУ-дың инновациялық жобалары», «Аптаның айшықты оқиғалары», «ҚазҰУ ғалымдарының дәрістері», «Талапкер», «Подкаст» және т.б. телебағдарламалар түсіріліп, көпшілік назарына ұсынылды.
«Farabi Мedia» ютубканалының контенті күннен-күнге көбейіп келеді. 2015 жылы ашылған арнада 2021 жылға дейін 16 000 адам тіркелсе, қазіргі таңда 41 900 жазылушыны құрайды.
2020 жылы 210 бейнематериал, 2021 жылы 290 бейнематериал, 2022 жылдың үш маусымында 260 бейнематериал жұртшылыққа жол тартты.
Баспасөз қызметі университет өмірінен қазақ және орыс тілдерінде ақпарат жазып, телебағдарламалар түсіруге қатысады. Мәселен, қазіргі уақытқа дейін «Ойталқы», «Мозговой штурм» бағдарламасының 36 шығарылымы жарық көрді. Онда ҚазҰУ-дың 150 сарапшысы қатысып, қоғамдағы әлеуметтік мәселелер төңірегінде ой өрбітті. Сондай-ақ «Аптаның айшықты оқиғалары» бағдарламасының 51 шығарылымы жарық көріп, 255 сюжет қамтылды.
«ҚазҰУ-дың инновациялық жобаларының» 30 шығарылымы көрермен назарына ұсынылды. 25 «ҚазҰУ ғалымдарының дәрістері» көрермен көзайымына айналды. Сонымен қатар «Super Students» тұңғыш телевизиялық жас таланттар байқауының іріктеу кезеңі түсіріліп жатқаны жеткізілді.
Білім ордасының басшысына Ақпарат және мониторинг секторы атқарған жұмыстар да баяндалды. Ақпарат және мониторинг секторы университетте өтіп жатқан маңызды шаралар бойынша күнделікті баспасөз хабарламасын таратып, жарияланған ақпараттарға мониторинг жасап, сараптама әзірлейді. Мәселен, 2020 жылы республикалық БАҚ-та ҚазҰУ имиджіне арналған 640 материал жарияланса, 2021 жылы бұл көрсеткіш екі есеге өсті (2221). Ал 2022 жылдың тоғыз айында жарық көрген материалдар саны – 1500.
Сондай-ақ ҚазҰУ сайтында 2020 жылы – 831, 2021 жылы – 1588, 2022 жылдың тоғыз айында 1093 ақпарат оқырман назарына ұсынылды.
Жансейіт Қансейітұлына «Farabi University» сайты басқармасында заманауи үлгіде жасалып жатқан оқу орнының жаңа сайты да таныстырылды. Заманауи талаптарға жауап бере алатын жаңа сайт жақын күндері іске қосылатын болады.
Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі ресми парақшалардың дизайны ауысып, оқырмандар санын арттыруға күш салынуда. Мәселен, Instagram желісін 65 479, Facebook желісін 15 мың, Telegram желісін күн сайын 48 мың оқырман оқиды.
Жансейіт Қансейітұлы Ақпарат және коммуникациялар департаментінің бірлесіп атқарған жұмысын жоғары бағалап, алдағы уақыттағы ұстанар бағыт-бағдарын айқындап берді.
Бірлігі мен тірлігі жарасқан ұжымға ризашылығын білдіріп, қызметтеріне толағай табыс тілеп, соңынан бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Фоторепортажды университетіміздің Telegram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасынан көре аласыздар.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі