Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Әзірбайжан мемлекеттік экономикалық университетінің халықаралық қатынастар және бағдарламалар жөніндегі проректоры Неман Мурадлымен кездесті.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелерін талқылады. Жансейіт Түймебаев Әзірбайжаннан келген меймандарды қарсы алып, білім ордасында атқарылып отырған жұмыстармен таныстырып, ғылыми жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар Неман Мурадлыға шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс жүргізудегі университет тәжірибесімен бөлісті.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS рейтінгінде 150-ші орында. Бүгінде алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен, институттармен ынтымақтастық туралы 500-ден астам халықаралық келісімге қол қойылды. Осы келісімдер аясында түрлі оқу-білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобалар іске асырылып келеді. Солардың қатарында Әзірбайжанның жоғары оқу орындары бар. Бұл қатарда Әзірбайжан мемлекеттік экономикалық университетімен серіктестік орнатуға ниеттіміз. Жемісті ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдаймын», – деді университет басшысы.
Өз кезегінде Неман Мурадлы Әзірбайжан мемлекеттік экономикалық университеті мен ҚазҰУ арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін бар күш-жігерін салатынын айтты.
Кездесу соңында тараптар ізгі тілектер мен естелік сыйлықтармен алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі