Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Новосибирск мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының ұйымдастырушы директоры Кәрім Арғынбаевпен кездесті. Жүздесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниет білдіріп, білім беру қызметіндегі серіктестіктің басым бағыттарын талқылады.
Кездесуде ректор университеттің тарихы мен жетістіктері туралы баяндады. Сонымен қатар өз сөзінде Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ мен Новосибирск университеті арасында жасалған көпжылдық байланыстың жемісті болғанын атап өтті.
«Бүгінде Ресей Федерациясының алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен, институттармен ынтымақтастық туралы 150-ден астам келісімге қол қойылды. Осы келісімдер аясында түрлі оқу-білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобалар іске асырылып келеді. Солардың қатарында Новосибирск мемлекеттік университеті де бар. ҚазҰУ білім мен ғылымның әртүрлі бағыттары бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жөніндегі барлық бастамаларды қолдауға дайын», – деді Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде құрметті мейман ҚазҰУ басшылығына қонақжайлылығы үшін алғыс білдіріп, Новосибирск университеті қолға алған жаңа жобалармен таныстырды. Сонымен қатар бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру туралы бастама қарастырылды.
Кездесу соңында тараптар ізгі тілектер мен естелік сыйлықтармен алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі