- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ музейінде бірегей көрме ашылды
01.12.2022Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ музейінде суретші-реставратор, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мажарстан «Рыцарлық Крест» орденінің иегері, әлемдегі ірі сәулет сарайы Луврда тәжірибе алған Қырым Алтынбековтің 70-жылдық мерейтойына арналған жылжымалы көрменің ашылу салтанаты өтті.
Көрменің ашылуына Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының Басқарма төрағасы Жұбаниязов Ө.О., «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директоры Сағындықова Л.Қ., «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық музейінің директоры Әмірғалиев М.О., Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА ректоры Сатыбалды А., сонымен қатар Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, ҚР Мемлекеттік Орталық музейі, Ә.Қастеев атындағы Өнер музейі, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының өкілдері, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Көрермендер назарына әйгілі «Үржар сәуегейі» мен «Тақсай ханшайымы», ежелгі көшпелілердің киімдері мен атрибуттары, әлемге әйгілі: «Алтын адам», «Берел жылқылары», «Сармат көсемі» және басқа да археологиялық олжалардың қалпына келтірілуі туралы тың мәліметтер ұсынылды.
Ұлы даланың көне мәдениеті мен бай мұрасын зерттеп, қалпына келтіруге қырық жылдан астам еңбек жолын арнаған суретші-реставратор Қырым Алтынбеков ҚР Көркемөнер академиясының толық мүшесі. Ол Орта Азияның археологиялық артефактарын қалпына келтіру бойынша жетекші ғалым. Бар ғұмырын музей ісіне арнаған ғалымның көрмесі тек Қазақстанда ғана емес Ресей, Австрия, Бельгия, Венгрия, Корея, Қытай, АҚШ, Түркия және басқа да елдерде қойылған, әрі әлемдік ғалымдардың көшпенділер тарихына деген қызығушылығын арттырып келеді.
Көрмеге ою-өрнекпен безендірілген ағаш, керамикалық ыдыстар, «мүйіз», алтын және бағалы тастармен көмкерілген әшекейлер, ханшайымдардың қолданған айна-тарақтары және басқа да жәдігерлер қойылды. Аталмыш көрме университеттің орталық музейінде желтоқсан айының соңына дейін жалғасатын болады.
Музей жетекшісі Ардақ Жүмекеқызы