Жаңалықтар

ҚазҰУ Алматы облысының әкімдігімен Меморандумға қол қойды

14.12.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев «Туған жерге тағзым» атты өңірлік форумына қатысып, Алматы облысы әкімдігімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.


Форум жұмысына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров, ҚР сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының АҚ Басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева, «Бәйтерек ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов және ірі кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері қатысты.

Форум қатысушылары үшін облыстың барлық аудандарының көрмесі ұйымдастырылып, тауар өндірушілердің экспозициясы, IT, туризм және start-up жобалары ұсынылды. Министрліктер мен даму институттарының өкілдері баяндама жасап, барлық қатысушыларды инвестиция мүмкіндіктері мен бизнеске арналған жеңілдіктер барысы жайында ақпарат берді. Форум аясында өткен панелдік сессияларға қатысқан бизнес өкілдері Алматы облысында жобаларды іске асыру тәжірибесімен бөлісті.

Форум барысында қол жеткізілген Алматы облысының әкімдігі мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасындағы келісім аясында екі жақты әріптестік қатынастар орнату және ұзақ мерзімді, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту көзделген.

Келісім бірлескен іс-шараларды жоспарлау, бағдарламалардың ғылыми-техникалық сараптамасын әзірлеу және орындау, ақпарат алмасу, ортақ жобаларды іске асыру және басқа да жұмыс бағыттарын қамтиды.

Іс-шараны ұйымдастырушылар форумның жыл сайын өткізілетіндігін және келісімдердің саны мен инвестициялардың жалпы сомасы ашық жарияланып тұратындығын атап өтті.

                                 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі