Жаңалықтар

ҚазҰУ ректоры ІnDrive негізін қалаушы Арсен Томскиймен кездесті

26-қаң-23

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ІnDrive компаниясының негізін қалаушы Арсен Томскиймен кездесті. Жүздесу барысында тараптар ынтымақтастық орнату жолдарын талқылап, бірқатар мәселелерді ортаға салды.

Құрметті мейманды университет басшысы ыстық ықыласпен қарсы алды. Өз сөзінде Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Сонымен қатар білім ордасында әзірленген инновациялық жобалар туралы кеңінен айтып берді.

«Өз қызметін ғылым мен инновацияға негіздеген ҚазҰУ өткен жылы QS халықаралық рейтингінде әлемнің үздік университеттері арасында 150-орынға көтерілді. Ал Азия елдері арасында оқу ордасы 44-орында. Біздің университет өзінің ғылыми және білім беру қызметін табысты жалғастыруда. Тек ұлттық ауқымда ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде зияткерлік әлеуетін көрсетуде. Университет ғалымдары отандық ғылымды дамытуда өз үлестерін қосуда. Оқу ордасында 100-ден астам инновациялық жоба дайындалды. Сонымен қатар ҚазҰУ-да Samsung, Hewlett-Packard, Cisco, Коnіса Minolta, Fujitsu, Alcatel, Microsoft, «Касперский зертханасы», Huawei және т.б. жоғары технологиялық компаниялардың сертификаттау орталықтары, институттары мен академиялары табысты жұмыс істейді. Ғылымды дамыту мақсатында ҚазҰУ-да көптеген халықаралық ғылыми конференциялар, кездесулер, көрмелер көп өткізіледі. Мәселен, жуырда сіздің қатысуыңызбен қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми-инновациялық жетістіктері көрмесі өтті. Көрмеде ЖОО ғалымдарының табысты ғылыми әзірлемелерімен қатар, студенттік стартаптар таныстырылды», – деді Жансейіт Түймебаев.

Сөз соңында университет ректоры Арсен Томскийге «ҚазҰУ-дың 100 инновациялық жобалары» атты кітапты сыйға тартты.

Өз кезегінде Іndrive компаниясының негізін қалаушы, кәсіпкер Арсен Томский жылы қабылдағаны үшін оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаевқа ризашылығын білдіріп, ҚазҰУ-дың жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ өз сөзінде кәсіпкер Қазақстандағы көлік қызметі саласындағы ең танымал мобильді қосымшалардың бірі – InDrive-дің қызметін дамытудың перспективалары туралы айтты. Арсен Томский жастарды қолдауға бағытталған бірқатар коммерциялық емес жобаларды жүзеге асыру жоспарымен бөлісті.

Кездесу соңында қос тарап алдағы уақытта серіктестік орнатып, ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.

Жүздесуден соң құрметті қонақ ҚазҰУ музейін, жағдаяттық орталықты және күрделі жөндеуден өткен оқу корпустарын аралап көрді. Кейін университеттің Жерді қашықтықтан зондтау орталығына арнайы барып, ғылыми жобалармен кеңінен танысты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі