- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қазақстан мен Түркия мамандары тәжірибе алмасты
27.01.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кітапханасында «Радикализмнің алдын алудағы Қазақстан мен Түркияның тәжірибесі: теориялық мәселелер мен практикалық шешімдер» атты халықаралық қысқы мектеп өтті. Оған кәсіби теологтар мен философтар және білім алушы жастар қатысты.
Жиынды оқу орнының философия және саясаттану факультеті деканы Бекжан Мейірбаев ашып, діни радикализм өзекті, тез арада шешімін талап ететін жаһандық проблемаға айналғанын алға тартты.
Сонымен қатар Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулдығының Дін істері жөніндегі Атташесі Эмруллаһ Үзүм, Түркия Республикасының Астана қаласындағы елшілігінің Дін істері жөніндегі кеңесшісі Нешет Бодур және Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов құттықтау сөз сөйлеп, қысқы мектеп жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулдығының Дін істері жөніндегі Атташесі Эмруллаһ Үзүм, Түркия Республикасының Астана қаласындағы елшілігінің Дін істері жөніндегі кеңесшісі Нешет Бодур және Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов құттықтау сөз сөйлеп, қысқы мектеп жұмысына сәттілік тіледі.
Дискус форматындағы шара барысында баяндамалар оқылып, қатысушылар өз тәжірибесі және идеяларын ортаға салды. Діни радикализмның шығу тарихы, оның пайда болу себептері мен радикализммен күресу жолдары қозғалды. Сонымен қатар бауырлас Қазақстан мен Түркия елдеріндегі осы індетке қарсы іс-шаралардың ұйымдастырылуы, олардың іске асу нәтижелері қарастырылып, тиімді тұстарына назар аударылды.
Қатысушылар діни радикализм тек бір мемлекеттің дербес проблемасы емес екенін баса айтып, оған қарсы бірлесіп әрекет етуді ұсынды. Пікірталас барысында діни экстремизмнің халықтың жалпы сауаттылығы, соның ішінде діни сауаттылығымен тікелей байланысы талқыланды. Яғни, көптеген проблемалар азаматтардың білімі, соның ішінде діни білімінің таяздығынан туындайтыны көрсетілді. Бұл өз кезегінде мемлекеттің егемендігіне қауіп төндіреді. Сөз сөйлеушілер мысал ретінде жуырда болған Швед еліндегі Құран кітабын өртеу де халықаралық шиеленісті тудырғанын тілге тиек етті.
Ауқымды шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультеті, Дінтанулық зерттеулер және экспертизалар орталығы, Әл-Фараби орталығы және Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулдығы, Түркия Дін істері жөніндегі атташелігі, Turkiye Diyanet Vakfı қоры бірлесіп ұйымдастырды.
Қысқы мектеп материалдары жуық арада жинақ ретінде басылып, оқырманға жол тартатын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі