Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 14 наурыз – Көрісу күніне орай,мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, студенттер үшін палау мен наурызкөже тегін үлестірілді.
Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Наурыз мейрамын жаңаша атап өту және оның маңыздылығын арттыру тапсырмасы бойынша қабылданған Тұжырымдама негізінде ұйымдастырылды.
Көрісу күнін тойлауға білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы, қызметкерлері мен білім алушы жастары қатысты.
Жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтаған университет ректоры бүгінгі Көрісу күнінің мағынасына тоқталып өтті.
«Ежелгі дәстүр бойынша қыстан аман-есен шыққан ағайын бір-біріне қонаққа барып, қал-жағдай сұрасып көріскен. Бұл күн – елдегі берекені арттырып, халықтар арасындағы достықты нығайтатын күн. Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған 10 күндік бағдарлама «Көрісу күнімен» басталып, «Жайлау күні», «Шежіре күні», «Тарихқа тағзым күні», «Игі істер күні», «Шымырлық пен шеберлік күні», «Зияткерлік күні», «Ұлттық тағамдар күні», «Ұлыстың ұлы күні», «Жоралғы күнімен» жалғасын табады. Наурыз мейрамының негізгі мақсаты ретінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтауға баса мән берілген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атаулы күндерді жастар санасына сіңіріп, кеңінен насихаттауға атсалысады деп сенемін. Жыл басы жаңаның хабаршысы, жақсылықтың жаршысы болсын! Қуанышпен көрісіп, жақсылықта жүздесейік!» – деп оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ақжарма тілегін білдірді.
Шара барысында студенттер арасында ұлттық ойын түрлерінен сайыс өткізілді. Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі