Жаңалықтар

Қазақ тілінің оқытылуы және қолдану әдістері талқыланды

29.03.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «ҚР мемлекеттік тілінің зерттелуі, оқытылуы жəне қолдануының ғылыми-əдістемелік негіздері» тақырыбында сессия отырысы өтті. Шараға тілші-ғалымдар, шетелдік профессорлар, филология факультетінің оқытушылары қатысты.

Сессия отырысын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, шараның маңыздылығына тоқталды.

«Бүгінгі кездесу мемлекеттік тілдің зерттелуіне, оқытылуы мен қолдануының ғылыми-əдістемелік негіздеріне арналып отыр. Тіл тағдыры – бүкіл мемлекеттің тағдыры. Бүгінгі бірлескен семинардың мақсаты – мемлекеттік тіл мәселесіне түрлі сала мамандарын тартып, ғылыми талдау жүргізу. Сонымен қатар түркітілдес халықтардың тілін, әдебиетін, фольклорын, тарихын, этнографиясын, мәдениетін зерттеушілерге жаңа өріс ашып, жаңа бағыт беру. Бүгінгі тіл мәселесі – қазақ қоғамына ғана емес, түркі әлеміне ортақ мәселе», – деді ректор.

Сондай-ақ өз сөзінде университет басшысы мемлекеттік тілді зерттеу ұлттық болмысымызды терең тану үшін өте маңызды екенін жеткізді.

«Тіл – қатынас құралы ғана емес, ақпарат алмасудың, білім берудің кілті. Соңғы жылдары қолданыстағы кириллицаны латын графикасымен алмастыру мәселесі жиі көтеріле бастады. Президент латын графикасына көшуде ғылыми негіз бен қоғамдық пікірге баса назар аудару керектігін ерекше атап өтті. Бұл түркі мемлекеттерінің интеграциясы үшін аса маңызды. Алдымызда мемлекеттік тілді ғылым тілі ретінде дамыту мақсаты тұр», – деді Жансейіт Түймебаев.

Дөңгелек үстел отырысында халықаралық «Қазақ тілі» академиясының төрағасы, профессор Ерден Қажыбек, Түркі мәдениеті ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Ахмет Бижан, Чуваш Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, түркітанушы Николай Егоров, Америкалық түркі тілдері зерттеушілері ассоциациясының жетекшісі Юлай Шамильоглу сөз сөйледі. Профессор Ерден Қажыбек қазақ тілін латын әліпбиіне көшірген кезде ескеруі қажет мәселелерді ортаға салды.

«Тіл – ел үшін маңызды құрал. Тіліміздің оқытылуы мен қолданылуын жетілдіруіміз қажет. Қазіргі қазақ грамматикасы орыс тілінің грамматикасымен жасалған. Алдағы уақытта латын әліпбиіне көшкен кезде әр әріпке жеке таңба беру керек. Қағазға түсіргенде әр әріп көрініп жазылуы шарт», – деді Ерден Қажыбек.

Сондай-ақ сессияда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Қаламқас Қалыбай, Адам Мицкевич университетінің Орталық Азияны зерттеу орталығының жетекшісі, алаштанушы Хенрик Янковский, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Тыныштық Ермекова, ҚазҰУ-дың Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Анар Салқынбай және т.б. профессор-ғалымдар баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.

Сессия отырысы жетілдірілген әліпби жобасын сараптауға, латын әліпбиіне көшу және қазақ тіліндегі өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі