- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да ғылымды дамыту кеңесі құрылады
29.03.2023Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кезекті Ғылыми кеңесінің отырысында оқу орнының 2022 жылғы ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметі қорытындыланып, алдағы даму жоспары сараланды.
Бұл жөнінде Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры Еркін Кәкімжанов баяндама жасады. Оның айтуынша, 2020-2022 жыл аралығында 5 235,9 млн теңгені құрайтын 305 ғылыми-зерттеу жобасы орындалып, халықаралық және республикалық деңгейдегі 147 іс-шара өткізілген.
2022 жылы «ҚазҰУ хабаршысының» толықтай 17 сериясы, сондай-ақ «International Journal of Biology and Chemistry», «International Journal of Mathematics and Physics», «Physical sciences and technology» және «Interdisciplinary approaches to medicine» атты университеттің халықаралық ағылшын тілді журналдары ҚР ҒжЖБ министрлігінің Ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынатын басылымдар тізіміне енді. Сонымен қатар олар Scopus, Clarivate Web of Science халықаралық дерекқорларына кірді. Көрсеткіштер бойынша «ҚазҰУ хабаршысы» және «Ашық жүйелер эволюциясы» журналында жарияланған ғалымдар мен оқытушылар мақалаларының саны – 864. 2022 жылы Scopus дерекқоры бойынша жарияланымдар санының көшбасшы үштігіне химия және химиялық технология, физика-техникалық және ақпараттық технологиялар факультеттері кірді. ҚазҰУ ғалымдарының Хирш жиынтық индексі жарияланды: ол 2022 жылы 1402-ден 1458-ге дейін көтерілді.
Өз сөзінде баяндамашы диссертациялық кеңестердің жұмысы мен өзгерістеріне тоқталды. Кеңес саны 14-тен 18-ге дейін, ал білім беру бағдарламалары бойынша 57-ден 70-ке дейін және кадр даярлау бағыттары бойынша 18-ден 25-ке дейін өсті. Өткен жылы 101 диссертация қорғалып, оның ішінде 15 докторант басқа жоғары оқу орындарының атынан шықты. 2022 жылғы докторанттар арасында жарияланым белсенділігі де атап өтілді, олар Scopus және Web of science деректер базасында 241 мақала жариялаған. 82 (37%) жарияланым шетелдік кеңесшілермен бірлесіп шығарылған. Журналдарда 2021 жылмен салыстырғанда 1, 2 квартильдегі жарияланымдар саны 8 пайызға артқан және 2022 жылы 339 докторант шетелде ғылыми тағылымдамадан өткен. Сонымен қатар спикер 2023 жылға арналған жоспарлар мен зерттеу университетінің стратегиялық міндеттері туралы айтты.
Білім ордасының ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметінің нәтижелері бойынша ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев жұмысты одан әрі дамыту және жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.
«Біз ғылымды дамытуға баса назар аударуымыз керек. Әр кафедра мен факультеттің ғылыми жобаларына талдау жасау арқылы экономикалық әсерін анықтау керек. Жобаларды қалалар және жалпы елдегі белгілі бір проблемалық мәселелерді шешуге тікелей байланысты өзекті тақырыптар бойынша бөлу маңызды. Коммерцияландыруға әлеуетті ғылыми жобалар экономиканың нақты секторына жұмыс істеуі керек. Жобалардың тақырыбын мемлекеттік бағдарламаларға назар аудара отырып, өндірістік сектормен байланыс орнату арқылы таңдау қажет», – деді ректор.
Сондай-ақ Жансейіт Түймебаев ғылымды дамыту бойынша тұрақты жұмыс істейтін кеңес ашуды ұсынды. Жобаларды іріктеу бойынша қолданылатын сапа критерийлерін әзірлеу, ғалымдардың жұмыстарына дәйексөз келтіруді біртіндеп арттыру бойынша жан-жақты жұмыс істеуді атап өтті. Бұған қоса, алдағы уақытта ЖОО ғалымдарына қолдау көрсету, университет ғылымын ілгерілету және дамыту мақсатында ғылыми инновациялық белдеу құру қажеттігін алға тартты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі