- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ профессор Ю.Г.Басиннің 100 жылдық мерейтойын атап өтті
31.03.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде профессор Ю.Г.Басиннің 100 жылдық мерейтойына арналған «Юрий Басиннің ғылыми мұрасы және азаматтық құқықты дамыту» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, беделді отандық және шетелдік ғалымдар, ЖОО профессорлары мен докторант, магистрант және студенттер қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың конференция қатысушыларына арналған құттықтау сөзін ректордың кеңесшісі Еркін Дүйсенов оқып берді.
«Юрий Басиннің есімі азаматтық құқық ғылымы мен оның тарихында алтын әріптермен жазылған. Ол Қазақстанның жоғары заң мектебіне жарты ғасыр ғұмырын арнады. Университетімізде Азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң факультетінің деканы, Азаматтық құқық кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды.
Юрий Басин ҚазКСРО Азаматтық кодексінің, ҚазКСРО «Неке және отбасы туралы» кодексінің, ҚазКСРО Тұрғын үй кодексінің, жалпыодақтық меншік туралы заң жобаларының және КСРО мен Республикалар одағының Азаматтық заңнамасының негіздері жобаларын әзірлеуге қатысты. Ол Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының (1995 жылы қабылданған) және 40-тан астам заң жобаларының авторларының бірі болып табылады. Олардың көпшілігі 1992-1998 жылдар аралығында заңдық күші бар ҚР Президентінің заңдары немесе жарлықтары ретінде қабылданған. Дара тұлға, профессор Юрий Басин – еліміздегі және шетелдегі ең беделді заңгерлердің бірі. Оның ел заңнамасын дамытуға қосқан үлесі бүгінгі конференцияны қазақстандық заң ғылымының тарихы мен даму перспективаларын зерделеу процесінде маңызды оқиғаға айналдырады», – деп атап өтілген хатта.
Пленарлық отырысқа ҚР Жоғарғы сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов, ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов, Еуразиялық экономикалық одақ сотының судьясы, заң ғылымының кандидаты, PhD Венера Сейтимова (Беларусь) және басқалар қатысты.
Конференция жұмысы секциялық жиындарда жалғасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі