Жаңалықтар

Алтай Көлгінов ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми көрмесіне қатысты

08.04.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жұмыс сапары барысында ҚР премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Әл-Фараби кітапханасында болып, тыныс-тіршілігімен танысты.

Жұмыс тобы құрамында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова және өзге де лауазымды тұлғалар бар.

Вице-премьер алдымен Әл-Фараби мұражайымен танысып, классикалық оқу залдарында болды. Әл-Фараби кітапханасы Орталық Азиядағы жоғары оқу орындары арасындағы ең үлкен кітап қорына ие. ​Кітапханада 2 млн-нан астам кітап қоры бар.

Сондай-ақ кітапханада Алтай Сейдірұлы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жобаларымен және факультеттердің жетістіктері қойылған көрмені тамашалады.       

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Алтай Көлгіновке университет базасында оқу орны ғалымдары әзірлеген 100 инновациялық жоба бар екенін жеткізді. Қазіргі таңда аталған ғылыми жобаларды коммерцияландыру бағытында жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.

Көрмеде вице-премьерге наноматериалдар негізіндегі датчиктер, энергияны үнемдейтін шамдар, микробалдырлар негізіндегі биологиялық белсенді қоспалар, Қазақстанның табиғи шикізаты негізіндегі дәрілік препараттарды өндіру, қан тамырлары патологиясының алдын алу және емдеу, туристік цифрлық контентті жаңғырту: мобильді қосымшалар, панорамалық 3D турлар, интерактивті карталар және QR кодтар, наноматериалдар негізіндегі суперконденсаторлар, депрессияның психофизиологиялық маркерлері және т.б. инновациялық жобалары таныстырылды.

Бүгінде университетте 16 факультет, 8 ғылыми-зерттеу институты, 29 ғылыми орталық пен Ғылыми-технологиялық паркі жұмыс істейді.  

Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жұмыс сапары барысында ҚР премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Дәрілік өсімдіктерді зерттеу орталығы мен Процестік инновациялар орталығын аралап, қызметімен танысқан болатын.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі