- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ техникалық бағытта Ресеймен серіктестігін арттырады
10.04.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ресей Федерациясынан келген Оңтүстік Федералды университетінің жобалық қызмет жөніндегі проректоры Максим Бондарев және Халықаралық қызмет басқармасының басшысы Рубен Цицуашвилиді қабылдады. Сұхбат барысында тараптар ынтымақтастық бағытындағы ұсыныстар бойынша пікір алмасты.
Ректор құрметті қонақтарды университет жетістіктерімен таныстырып, алдағы жоспарлар туралы мәлімет берді. Сондай-ақ өз сөзінде Жансейіт Түймебаев серіктестікті арттыру және оқытушылар мен студент алмасып, тағылымдамадан өткізу бойынша өз ұсынысын жеткізді.
Бүгінде ҚазҰУ Ресей Федерациясының 140 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы 195 келісімге қол қойған. Сонымен қатар университет ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп ТЕМПУС/Эразмус+ жобаларына қатысады. 2022 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен РФ Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Наталья Бочарованың қатысуымен ҚазҰУ базасында МИФИ ҰЯЗУ филиалы ашылған болатын. Қазіргі таңда ҚазҰУ-да Ресейден келген 53 студент білім алуда. 2020-23 жылдары университеттің 438 білім алушысы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Ресей Федерациясының жетекші жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтті.
Максим Бондарев: «Оңтүстік Федералды университеті – Ресейдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Қос университет бірлесіп механика-математика, физика және химия саласында зерттеулер жүргізіп, ғылыми жобаларды жүзеге асырсақ деген ұсынысымды жеткізгім келеді. Сондай-ақ студент алмасып, қосдипломды білім беру бағдарламасын іске асыруға дайынбыз», – дей келе жылы қабылдағаны үшін университет ректорына алғысын білдіріп, өз ұсынысын ортаға салды.
Кездесу нәтижесінде тараптар аталған ұсыныстарды жоспарлы түрде іске асыруға уағдаласты.
Жүздесуден соң құрметті қонақтар ҚазҰУ музейін, оқу ордасындағы Жағдаяттық басқару орталығын, механика-математика, физика-техникалық, химия және химиялық технология факультеттерін аралап, қызметімен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі