Жаңалықтар

АУҚЫМЫ КЕҢ КОНФЕРЕНЦИЯ

12.04.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінде Қазақстанның көрнекті ғалым-физиктерінің бірі, ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мейірхан Мүбәракұлы Әбділдиннің 85 жылдығына арналған «Әбділдин оқулары» атты қазіргі физиканың өзекті мәселелері бойынша кезекті халықаралық конференция өтті.


Конференцияны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Азия-Тынық мұхиты Теоретикалық физика орталығы, Қазақстан физикалық қоғамы, Ядролық физика институты ұйымдастырды. Халықаралық конференцияға Жапония, Корея, Италия, Чехия, Дания, Мексика, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты 9 елден келген 70-тен астам ғалымдар және физика саласының мамандары мен студенттер, ғалымның туған-туыстары қатысты. Қазіргі физиканың өзекті мәселелері жөніндегі халықаралық конференцияны ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева ашты. Мейірхан Мүбәракұлының өмірбаянымен таныстырып, оның ғылыми жетістіктеріне тоқталып өтті.  


Мейірхан Әбділдин 1938 жылы Ресейдің Алтай өлкесінде дүниеге келген. С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың физика-математика факультетін бітіріп, 1966 ж. Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетінде қандидаттық диссертация қорғаған. 1970 жылдан 2008 жылға дейін ҚазМУ-дың Теориялық физика кафедрасының меңгерушісі болды. 1985 ж. БСР ҒА Физика институтында докторлық диссертациясын қорғап, 1987 ж. профессор, 1989 ж. ҚСР ҒА корреспондент-мүшесі, 2002 жылы академигі болды. 1989 ж. ҚазМУ тарихында алғаш рет болған демократиялық ректор сайлауын жеңіп, 1991 ж. дейін университет басшысы болды. «Құрмет» ордені, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері.

Мейірхан Мүбаракұлы энциклопедиялық білімді ғалым болған. Ол қазақ топырағында бұрын-сонды болмаған физиканың жалпы салыстырмалық теориясын бүкіл қазақ жұртшылығына таратып, аты мен заты әлемге жайылған ғылыми мектеп қалыптастырды. Ғалымның ғылымда ізі, артында өшпес мұрасы қалды. Ол 240-тан астам ғылыми еңбек, үш монография жазып, 14 ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD дайындады. Гравитация бойынша дүниежүзіндегі ең жоғары дәрежелі Марсель Гроссман конференциясының ұйымдастыру комитетіне 1997 жылдан бері мүше, Галилей-Ши Хуанди, Азия-Тынық мұхиты, Ресей гравитациялық және т.б. халықаралық конференцияларының ұйымдастыру комитеттерінің белсенді мүшесі болды. Ресей гравитациялық қоғамы президиумының мүшесі болды. Ол 2012 жылдың 9 қаңтарында дүниеден озды. Мейірхан Мүбаракұлы айтулы, көреген істерімен, кіші-үлкен, жақын-туысқа деген зор қамқорлығымен, әділеттілігімен, ғылымға сіңірген қайратты еңбегімен біздің есімізде мәңгі қалады.

Конференция тақырыптары қазіргі физиканың негізгі бағыттарын қамтиды, оның ішінде: теориялық физика, ядролық және бөлшектер физикасы, астрофизика және космология, ғарыштық сәулелер, плазма физикасы, конденсацияланған заттар физикасы, жылу физикасы, биофизика, медициналық физика, оқу-әдістемелік және философиялық мәселелер. Бұл конференция физика саласы бойынша шетелдердегі әріптестер арасындағы ынтымақтастыққа, халықаралық контексте физиканың өзекті тақырыптары бойынша жоғары деңгейдегі зерттеулерді үйлестіруде, сондай-ақ белсенді зерттеушілер мен жас ұрпақтың дарынды өкілдері арасындағы жемісті ынтымақтастықты ынталандыруда елеулі үлес қосатыны сөзсіз.

ҚазҰУ Баспасөз қызметі