Жаңалықтар

ҚазҰУ ректоры отандық ғылымды дамытуға арналған жиынға қатысты

17.04.2023

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев отандық ғылымды дамыту мәселелері талқыланған жиынға қатысты.

Ғылым ордасында өткен іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР ҰҒА президенті Күнсұлу Закария, ҚР Ұлттық ғылым академиясының мүшелері, жоғары оқу орындары және ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің бірінші отырысында берілген соңғы тапсырмалары аясында қазақстандық ғылымды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесуде Аида Балаева: «Көптеген бағыттар бойынша министрлік тиісті жұмысты бастады. Ал белгіленген жоспарларды сәтті жүзеге асыру үшін біздің бүкіл ғылыми қоғамдастықтың белсенді қатысуы қажет», – деп атап өтті.

Сондай-ақ жиында соңғы үш жылда ғылымды қаржыландыру үш есеге артып, жекеменшік бірлескен қаржыландыру түрінде 6,9 миллиард теңгеден астам қаражат тартылғаны айтылды.

Ал коммерцияландыру жобалары нәтижесінде инновациялық өнімді өткізуден түскен кіріс 22,6 млрд теңгені құрады.

Жиын барысында қатысушылар отандық ғылымды дамыту бойынша өз ұсыныстарын ортаға салып, өзара пікір алмасты.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі