Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Bike for Peace («Бейбітшілік жолындағы велосипедшілер») халықаралық антиядролық қозғалысының президенті Туре Наарланд студенттерге көшбасшылық дәріс оқыды.
ҚазҰУ-дың операциялық қызмет жөніндегі проректоры Әсел Уәлиева құрметті мейманның ҚазҰУ-ға жасаған арнайы сапарына алғыс білдіріп, ұйымның әлемдегі бейбітшілікті сақтаудағы ерекше рөлін атап өтті.
Өз кезегінде Bike for Peace халықаралық қозғалысының президенті Туре Наарланд ядролық қарусыздану жолындағы бейбітшілікті насихаттайтын ұйымның қызметімен таныстырды.
«Біз Қазақстанға бірнеше рет келіп, нағыз қонақжайлықтың куәсі болдық. Сіздердің мемлекеттеріңіз ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан елдердің бірі. Осы тұста бейбітшілік ұғымы әлемде кеңінен насихатталуы қажет және 2045 жылға қарай жалпыядролық қарусыздануға қол жеткізе аламыз деп үміттенеміз», – деді Туре Наарланд.
Ядролық қарусыз әлем үшін Bike for Peace қозғалысы 1977 жылы Норвегияда Туре Наарланд пен Хельга Хундей тарапынан құрылған. Ал 1978 жылдан бастап Bike for Peace – «Бейбітшілік жолындағы велосипедшілер» әлемнің 115-тен астам елінде бейбітшілік пен достық үшін саяхаттар ұйымдастырды.
Bike for Peace велошеруі елімізде «Қазақстанға қараңыз – олар ядролық қарудан бас тартты» деген ұранмен 22 сәуірге дейін жалғасады. Велосипедшілер Алматы, Астана, Семей қалаларын аралап, Парламент депутаттарымен, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, студенттер және мектеп оқушыларымен кездеседі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі