Жаңалықтар

АҢЫЗ АДАМДАР АРАМЫЗДА ЖҮР

25.04.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әскери кафедрасында Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу қарсаңында студенттермен «Аңыздар арамызда» атты ерлік сабағы өтті.

Ерлік сабағына Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қарулы Күштер Ардагерлер кеңесінің Алматы қаласы бойынша хатшысы, отставкадағы полковник Мамсуров Қазбек Владимирұлы қатысты.

Іс-шара барысында полковник Қ.В.Мамсуров студенттерге Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекетіміздің ұлттық бірлігін нығайтудағы қызметі туралы айтып берді. Ардақты ардагер Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылыс тарихынан жарқын мысалдар келтіріп, әскери ортада тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру мен жүргізудің баға жетпес тәжірибесімен бөлісті. Айта кету керек, Қазбек Владимирұлының отбасы 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен үш генералды тәрбиелеген нағыз әскери әулеттің үлгісі. Солардың бірі Испания азаматтық соғысына, кеңес-фин соғысына және Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер, Кеңес Одағының Батыры, Бас барлау басқармасы бастығының бірінші орынбасары Мамсуров Хаджи-Умар Джиоровичтің өмірбаяны туралы деректі фильм көрсетілді.

Ерлік сабағынан кейін студенттер, болашақ әскери идеологтер, заңгерлер мен әскери психологтер Әскери кафедра мұражайында Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов атындағы аудиториямен танысты.

Шара соңында Әскери кафедраның бастығы, запастағы полковник О.В.Ажимов жиналған жұртты алда келе жатқан Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, студент жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағытындағы жемісті ынтымақтастық үшін алғысын білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі