Жаңалықтар

ҚХР Солтүстік-батыс политехникалық университеті ҚазҰУ-мен байланыс орнатуға дайын

26-сәу-23

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ҚХР Солтүстік-батыс политехникалық университеті (CБПУ) Халықаралық ынтымақтастық кеңсесінің директоры Джанг Фулимен кездесті.

Жүздесуде ректор ҚазҰУ-дың Қытай университеттерімен табысты ынтымақтастық байланыстарына тоқталып, оқу ордасының ғылыми-білім беру саласындағы жұмысының бағыттары мен жетістіктерін таныстырды.

ҚазҰУ бүгінде Қытайдың көптеген жетекші университеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Олардың ішінде Бейжің, Ланьчжоу, Шыңжаң, Шанхай және басқа да университеттер бар.

Бүгінде университетте Конфуций институты, шығыстану факультеті және Қытайтану кафедрасы жұмыс істейді.

Өз кезегінде ҚХР Солтүстік-батыс политехникалық университеті Халықаралық ынтымақтастық кеңсесінің директоры Джанг Фули ҚазҰУ басшылығына алғыс білдіріп, 1938 жылы құрылған көпсалалы мемлекеттік университеттің құрылымы мен қызметі туралы айтып берді. Университет авиация, аэроғарыш және инженерлік салаларға маманданған.

Кездесу барысында тараптар пікір алмасып, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Джанг Фули алдағы уақытта жаңа бағыттағы келісімдер орнатуға дайын екенін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі