Жаңалықтар

Белгілі түркітанушы Игорь Добродомовтың жеке кітапханасы ҚазҰУ-ға сыйға тартылды

03.05.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті лингвист ғалым, түрколог, профессор Игорь Георгиевич Добродомовқа арналған «Танымал түркітанушылар мұрасы» атты халықаралық ғылыми семинар өтіп, ғалымның жеке кітапханасы оқу ордасына сыйға тартылды.


Профессордың жеке кітапханасында түрколог ғалымдардың кітаптары мен сирек кездесетін қолжазбалар, барлығы 200-ден астам түркологияға қатысты құнды мұралар жинақталған.

Іс-шараға университет басшылығы, қазақстандық және шетелдік түркітанушы ғалымдар, Игорь Добродомовтың жұбайы Галина Романова мен қызы Анна Добродомова, шәкірттері, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты.

Семинар отырысын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашты. Өз сөзінде ректор ғалымның еңбек жолына тоқталды.

Игорь Георгиевич Добродомов – лингвист ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Ресей түркітанушылар комитетінің мүшесі, КСРО географиялық қоғамының толық мүшесі. Ол түркология және алтаистика бойынша көптеген еңбектердің авторы. Профессордың құрметіне Мәскеу педагогикалық мемлекеттік институтында дәстүрлі түрде «Добродомов оқулары» өткізіліп, филологияның өзекті мәселелері талқыланады. Оның ғылыми еңбек жолы Қазақстанмен тығыз байланысты.

«Өткен жылы университетімізде «Әлемнің этнотілдік бейнесі және түркі мұрасы» атты I халықаралық ғылыми конгресс өткіздік. Конгресс аясында ҚазҰУ-да Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылды. Бұл институт түркі халықтарының тарихы мен әдебиетін жан-жақты зерттеуде үлкен жобаларды іске асыруда. Бүгінгі іс-шарамыз да осы институт жұмысының нәтижесі. ҚазҰУ-ға тапсырылған профессор И.Г.Добродомовтың жеке кітапханасы түркітанушы ғалымдарымыз бен студенттеріміз үшін үлкен олжа. Бұл әсіресе Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты үшін өте маңызды», – деді Жансейіт Түймебаев.

 

Шара барысында Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры Дусмамат Құлмаматов, белгілі түркітанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Николай Егоров, Түркітану және алтайтану ҒЗИ директоры, профессор Нұрсұлу Шаймерденова және т.б. түркітанушы ғалымдар баяндама жасап, И.Добродомовтың түркология саласындағы зерттеулерінің өзектілігін талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі