Жаңалықтар

Үндістанмен ғылыми ынтымақтастық артады

15.05.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Үндістанның Бомбей технологиялық институтының делегациясы жұмыс сапарымен келді. Кездесуде ағымдағы жобалар қарастырылып, стратегиялық әріптестік мәселелері талқыланды.

Білім ордасының Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев алдымен ҚазҰУ мен Индия білім ордалары әріптестігінің қарқынды дамып жатқанына тоқталды. Оқу орны Индияның 11 білім беру ұйымымен ынтымақтастық орнатқан. Академиялық ұтқырлық бойынша студент және оқытушы алмасу белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда 587 индиялық студент ҚазҰУ-да медицина және денсаулық сақтау факультетінде білім алады.

Сонымен қатар индиялық оқу орындарымен ортақ қызмет пен жобалар жүзеге асырылуда. Университетте 1992 жылдан бері үндітану бөлімі табысты жұмыс істейді. Серіктестермен бірге ҚазҰУ-да «Махатма Ганди» орталығы құрылды. Нью-Делиде Әл-Фараби ғылыми-білім беру және мәдени орталығы ашылды. Қазіргі таңда ҚазҰУ-дың механика-математика факультеті Коимбатор технологиялық институты және Калькутта ұлттық технология институтымен тығыз байланыста. Магистранттар тұрақты түрде шетелдік тағылымдамадан өтеді.


Бомбей технологиялық институтының халықаралық қатынастар бойынша деканы Амит Агравал өз кезегінде ҚазҰУ-мен ғылымдағы ықпалдастықтың маңызын ерекше атап өтті. Мәртебелі меймандар алдағы уақытта да ортақ зерттеулер арқылы ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүдделі екендерін жеткізді.


Екіжақты кездесу нәтижесінде IT бағыттар бойынша бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру келісілді. Тараптар қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз ету және ресурстарды қажет ететін есептеу бағыттары бойынша орталық ашу мәселесін қарастырды. Сондай-ақ есептеу инженериясы және машиналық интеллект және деректер ғылымы бойынша екі зертхана ашу жоспарлануда. 

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі