Жаңалықтар

«Шығыстану білімі мен ғылымының іргелі және инновациялық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция

12.05.2009

22 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қарашаңырақтың 75 жылдық мерейтойы мен шығыстану факультетінің құрылғанына 20 жыл толуына арналған «Шығыстану білімі мен ғылымының іргелі және инновациялық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Алматы қаласы әкімшілігі, Қазақстандағы шығыс елдерінің Елшіліктері, шығыс елдеріндегі Қазақстан Елшіліктері, Елшіліктер жанындағы Мәдени орталықтар, Қазақстан корейлері Ассоциациясы, Корей Ағарту Орталығы, TIKA Түрік білім қоры, «аль-Уакф» халықаралық қайырымдылық қоры мен т.б. халықаралық гуманитарлық және білім қорлары қолдау көрсетті.

Конференцияға Қазақстанның Бас муфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі, Үндістанның Төтенше және Өкілетті елшісі Ашок Саджанхар, Иранның Төтенше және Өкілетті елшісі Рамин Мехманпараст, ҚР-дағы ҚХР елшілігінің Бірінші хатшысы Ли Чжи, Жапония елшілігінің Алматыдағы өкілдік басшысы Масахиро Катамото, Корея елшілігінің өкілдік басшысы, бас консул Ян Гу Ли, Түркия елшілігінің білім жөніндегі кеңесшісі Кадир Четин, ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық қыпшақтану орталығының директоры Болат Күмеков, Р.Б. Сүлейменов атындағы институттың директоры Меруерт Әбусеитова қатысты.

Бастапқыда филология факультетінің жанында ашылған араб тілі бөлімі 1989 жылы алғаш 25 студентті қабылдап кафедра ретінде жұмыс жасайды. Қазір бұл - 25 ғылым докторлары мен кандидаттары қызмет ететін және 700-ден астам студент білім алып жатқан ҚазҰУ-дың беделді факультеттерінің бірі. Республикадағы шығыстану іліміне бас болып келе жатқан факультеттің түлектері еліміздің дипломатиялық қызметіне, аударма ісі мен ғылымына зор еңбек сіңіріп келеді.

ҚазҰУ ректоры академик Бақытжан Жұмағұлов факультет түлектері мен қонақтарына сәлем беріп, факультеттің ашылуына тікелей қатысты Әбсаттар қажы Дербісәлі, Өзбекәлі Жәнібеков, Ақжан Машанов және т.б. қоғам қайраткерлеріне алғысын білдірді.

Қазіргі қазақстандық шығыстану ілімі Қазақстан мұсылмандарының рухани жетекшісі Әбсаттар қажы Дербісәлінің есімімен тығыз байланысты. Ірі арабист-ғалым факультеттің негізі қаланған уақыттан бастап атсалысып, 1989-1991 жылдары алғаш деканы болды. Ол барлық жиналған қауымды факультет мерейтойымен құттықтап:

- Қазақ ұлттық университіне 75 жыл толып отыр. Мен университетті үлкен бәйтерекпен, ал факультеттері мен кафедраларын сол бәйтеректің бұтақтарымен салыстырамын. Бұл мерейтоймен салыстырғанда, әрине, 20 жылдық мерейтой үлкен мерзім емес. Бірақ бұл уақыт ішінде Қазақстандағы шығыстанудың тұтас іргетасы қаланып, қыруар жұмыстар атқарылып, көп маман түлеп шықты. Шығыстың ұлы ғалымдары қалдырған мұраларды зерттей келе, біз тарихымыздың тамыры тереңде жатқанын біле алдық, - деп тәуелсіз еліміздің дамуындағы факультеттің ерекше ролін атады. Ол сонымен қатар факультетте орын алған қиын әрі қызықты кезеңдерінен сыр шертті. Ғалымның айтуынша, факультет әртүрлі елде қызмет еткен ҚР-дың оннан астам елшілерін түлетті.

Шығыстану факультетінің деканы Нұржамал Алдабек Қазақстанның Шығыс елдерімен қарым-қатынасын зерттеу үшін қазіргі уақытта шығыстанушыларға деген сұраныс үлкен екендігін атап өтті.

- Шығыстану дегеніміз - тек шығыс тілдерін меңгеру ғана емес, сонымен қатар Шығыс елдерінің тарихы, саясаты, экономикасын да зерттеу болып табылады. Бүгін біз Шығыстың түпкі деректерімен байланысты Қазақстан тарихының көкейкесті мәселелерін талқыладық, - деді ол.

Индия мен Ираннның Төтенше және Өкілетті елшісі Ашок Саджанхар мен Рамин Мехманпараст баяндамаларын жасау барысында шығыстану факультетімен әріптестіктерін әрі қарай нығайтуға және қазақстандық студенттердің өз елдерінде тілдік тәжірибеден өтуге септестік ететіндіктеріне дайындық білдірді.

Конференцияда Қазақстандағы шығыстану ілімінің даму бағыттары, отандық және халықаралық тәжірибе жалпыланып жинақталды, сонымен қатар ғалымдар шығыс тілдері мен әдебиеттану саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі