- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- БАҚ ҚазҰУ туралы
БАҚ ҚазҰУ туралы
15.12.2011 «Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет
15 желтоқсан 2011 жыл
«Қонақжай елмен қауышқанымызға ризамыз» |
Шетелден келген бір топ профессорлар қауымы Білім және ғылым министрі, академик Б.Жұмағұловқа, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғ.Мұтановқа алғыс сезімін білдірді.
«Біз, Қазақстанға алғаш рет қадам бастық. Алайда Еуропа мен Азия құрлықтарының ортасында орналасқан қонақжай елмен қауышқанымызға қуаныштымыз. Қазіргі кезде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында журналистика факультетінің студенттеріне дәріс оқып жатырмыз. Қазақ елі жастарының білімге құштарлығы, кәсіби білімдерінің жоғарылығы бізді таңғалдырды. Білім алушы студенттермен сұхбаттасып, өз еліміздің журналистика саласының, құқықтық журналистиканың даму бағыттары туралы білім алмастық. Біз өз кезегімізде осындай шынайы кездесулерге, кең пейілді таныстыққа жол ашқан мүмкіндіктеріңіз үшін алғыс білдіргіміз келеді. Мұндай мүмкіндік бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде тек Қазақстанда ғана қолға алынып отырған үлкен шара. Бұл бастама басқа елдерде де жалғасын тапса деген тілегіміз бар».Бұл Польшаның Н.Коперник атындағы университетінің профессоры Ивона Массака, Щвеция Жоғары журналистика мектебінің медиажетекшісі, Стокгольм университетінің профессоры Вероника Менжун, Германия Журналистер одағының төрағасы Берид Бруссиг, Өзбекстан елінің журналистика жоғары курсының жетекшісі, журналистика ғылымдарының докторы, профессор Құдірет Ерназаров, Киев ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор София Лиховаяның ізгі тілегі.
14.12.2011 "Айқын" Республикалық қоғамдық-саяси газет
Инновация – игілік үшін!
13.12.11.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті заң факультетінің және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, «Қазақстанның инновациялық дамуын мемлекеттік-құқықтық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Конференцияға А.Ағыбаев, З.Кенжалиев бастаған отандық профессорлар мен Ломоносов атындагы МГУ профессоры Л.Головко, Киев ұлттық университетінің профессоры С.Лиховая және тағы да басқа шетелдік заңгер ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, мемлекеттік органдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ магистранттар мен студенттер қатысты. ҚазҰУ заң факультетінің деканы Дәулет Лайықұлы конференцияның алғы сөзін сөйлеп, осы жиынның өтуіне арнайы келген шетелдік әріптестеріне алғысын білдірді. Ғылыми басқосуда Қазақстанның инновациялық дамуын мемлекеттік-құқықтық қамтамасыз етудің теориялық, тәжірибелік және тарихи мәселелері, Азаматтық қоғам институттары дамуының құқықтық мәселелері және дәстүрлі кезеңдегі қазақтардың құқықтық құндылықтарда, идеяларда, құқық нормаларын қолдану негізінде Қазақстан қоғамының құқықтық мәдениетін қалыптастыру сияқты тақырыптар кеңінен талқыланды.
14.12.2011 "Алаш айнасы" Республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
Студенттер Желтоқсан қаһармандарын сомдады
14.12.11
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде елдің рухын көтеретін біршама іс- шаралар жүзеге асуда. Соның бір көрінісі - халықаралық қатынастар факультеті халықаралық құқық мамандығының 1-курс студенттерінің (21-23-топ студенттері) ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік таңы» атты ашық эдвайзерлік сағаты.
Кез келген қазақ азаматының бойында патриоттық сезімді оята білуді мақсат еткен бұл ашық сабақ «Желтоқсан алаңындағы» оқиғаны еске алумен басталды. Қойылған көріністе студенттеріміз бар жанымен образға кіріп, ұлттық мүддемізді көздеген 1986 жылғы көтерілісті көз алдымызға әкелгендей болды. Алаңға шыққан жастар ызалы үнімен өз талаптарын жеткізе білді. Желтоқсанның ызғарын жастарымыздың сезінгені байқалып тұрды. Сол кездегі Ләззат, Ербол, Қайраттардың рухтарының өлмегендігін дәлелдеді. Қайраттың образын сомдаған 23-топ басшысы Рамазан Сейдаш көрерменнің жанарына жас үйірді.
01.12.2011 «КазИнформ» Национальное информационное агентство
01.12.2011 «ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі
30.11.2011 / 18:26
Қазіргі жастардың зерттеу жұмысымен айналысуға мүмкіншіліктері мол - Гүлжан Айжолова
АЛМАТЫ. 30 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жаһандану үрдісі барысында ұлттық экономиканың дамуында бірқатар мәселелер туындауда. Индустриалдық-инновациялық іс-әрекет пен өндіріс бәсекелестігінің деңгейін көтеруде жас ғалымдардың рөлі зор. Біз осыған орай ой-пікірімен бөлісу үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, География және табиғатты пайдалану факультеті студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетекшісі Гүлжан Айжоловамен шағын сұхбат құрған едік.
- Гүлжан Ролланқызы, қазір жастарды ғылыми-ізденіс жұмыстарға тарту қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл туралы өз ой-пікіріңізбен бөліссеңіз?
Жас ғалымдарды еліміздің ғылыми мүкіншіліктерін дамытуға тарту үшін қазіргі таңда мемлекетіміздің тарапынан үлкен жұмыстар жүргізілуде. Мәселен өзім жұмыс жасайтын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Жас ғалымдар Кеңесі, Студенттік ғылыми қоғам мен тағы басқа да түрлі ғылыми орталықтар тұрақты түрде өз қызметін атқарып келе жатыр. Студенттердің және жас ғалымдар ғылыми-зерттеу жұмыстарын ынталандыру белсенді шығармашылық іс-әрекетке тартудың маңызды формасы болып табылады. Жоғары кәсіби мамандарды даярлауда оның рөлі өте зор. Сондықтан студенттерге құқықтары мен міндеттері туралы кеңес беріп, ғылыми үйірмелер мен кафедралардағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының өткізілу механизмі жайлы ақпарат беріледі. Ал олардың ғылыми ізденіс жұмыстары жыл сайын арнайы құрастырылатын жоспар бойынша жүргізіледі.
25.11.2011 «Жас қазақ» Ұлттық апталық
25 қараша, 2011 жыл
Байыпты байланыс
Қазақ Ұлттық университеті өрісін кеңейтті
Жуырда ректор Ғалым Мұтанов бастаған әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың сапартобы АҚШ-та болып қайтты. Бұл сапардың негізгі мақсаты ғылым-білім саласындағы халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейту, зерттеу және инновациялық бағытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін Америкадағы университеттермен әріптестік орнату болып табылады.
ҚазҰУ сапартобының шетелге сапары барысында әлемге танымал АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындары: Дарем қаласындағы Нью-Гэмпшир университетінде, Нью-Йорктің Колумбия университетінде, Берклидегі Калифорния университетінде, Сан-Франциско университетінде, Пало-Альтодағы Стэнфорд университетінде, сонымен қатар биотехнология, ұялы байланыс қызметін орнату және бағдарламалық қамтамасыз ету, компьютер құрау және жасау салаларына бағытталған жұмыстарға негізделген жоғары технологиялық компаниялар шоғырланған атақты «Силиконды алқапта» болды.
Google Inc, HP, Cisco, Chevron Energy Solutions және тағы да басқа әлемдік компаниялар өкілдерімен болған кездесуде инновацияны жүзеге асыруда ғылым мен бизнестің ынтымақтастығы төңірегінде әңгіме өрбіді.
25.11.2011 «Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет
25 қараша, 2011 жыл
Қазақстан нәсілдік кемсітушіліктен ада мемлекет
ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің «әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығы, «Дінтанулық зерттеулер және экспертиза» орталығы мен Ұлттық журналистік зерттеу орталығы бірлесіп, Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының қолдауымен нәсілдік кемсітудің барлық түріне қарсы бағытта дөңгелек үстел мәжілісін өткізді.
Дөңгелек үстелге Алматы қаласы Дін істері департаментінің директоры Ершат Оңғаров, АҚШ-тың Огайо университетінің профессоры Джеймс Патрик, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы діни оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков, мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Ербол Сағиұлы, уағыз-насихат бөлімінің қызметкері Ұтысхан Алтынбек және ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы, профессор Әлия Масалимова, философия және саясаттану факультетінің оқытушы-профессорлары мен еліміздің белгілі ғалымдары қатысты. Философия ғылымдарының докторы, профессор Нағима Байтенова «Ұлтаралық татулығы жоғары әрі әртүрлі нәсілдер шоғырланған елімізде нәсілдік кемсітушілік жоқ» деген ғылыми тұжырымдалған пікірін білдірсе, Дін істері департаментінің директоры Ершат Оңғаров «Ата Заңымыздан бастап барлық заңдар барлық азаматтарды, этностарды бірдей дәрежеде қабылдап, адам құқықтарына ортақ көзқараспен қарайды» деген ойын жеткізді. ҚазҰУ философия кафедрасының меңгерушісі, «Әл-Фараби» ғылыми орталығының директоры Жақып Алтаев нәсілдік кемсітудегі ислам дінінің құндылықтарына тоқталып «Ислам діні мейірімділікті, барлық адам баласына тең көзқараспен қарауды негіз етеді. Ол нәсілдік кемсітушілікке мүлдем қарсы. Сондықтан ислам діні ешқандай ақтауды қажет етпейді», - деді.
24.11.2011 «Ана тілі» Ұлт газеті
24-30 қараша, 2011 жыл
«Махаббат шайыры» студенттермен кездесті
Алматыда ақын, драматург Исраил Сапарбайдың «Махаббат – мәңгі ертегі» деп аталатын жыр кеші өтті. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдер факультетінде болған бұл шараны «Әдеби жүздесулер» клубы ұйымдастырды.
Онда қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдіманұлы ақынның 70 жылдық мерейтойына арналған жылы лебізін білдіріп, иығына шапан жапты. Одан кейін поэзия тарланы кездесуге келген жырсүйер қауымға өлең оқып, ризашылығын білдірді. Бұл кездесуге, сондай-ақ филология, әдебиеттану және әлем тілдері, журналистика факультеттерінің, Т.Жүргенов атындағы нер академиясының студенттері арнайы келді.
24.11.2011 «Экономика» республикалық апталық газет
24-30 қараша, 2011 жыл
Таңдамалы еңбектің тұсауы кесілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде экономика ғылымдарының докторы, академик Экономика институтының директоры Оразалы Сәбденнің «Экономика» атты таңдамалы еңбегінің тұсаукесері өтті. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған аталмыш еңбек 21 том болып жарыққа шыққан. Көптомдықта Қазақстан Республикасының алғашқы қиын жылдарынан ба стап, экономиканың маңызды табыстарға жеткен күндері қарастырылған. Кітап болашақ экономиканың негізін құру, жаңа технологиялар, идеялар мен тәсілдерді қолдану, инновациялық даму және бәсекеге қабілеттілікті көтеру, өндірісті модернизациялау және диферсификациялау сияқты мазмұнды қамтиды.
24.11.2011 «Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси апталық газет
24 қараша, 2011 жыл
«Экономика» жинағы жарық көрді
- «21 томдық Қазақстан қандай ел, болашағы қандай, қандай өзгерістер болады және жаһандық үдерістерге қалай жауап беру керек деген сұрақтарға жауап береді. Ел алға жылжу үшін күн көріс жағдайы, тұрғын үй мәселесі, еңбек төлемақысы сияқты жағдайларды онтайландыруымыз қажет. Өнімді өзіміз өндірмей, өспейміз. Осы тақырыптар кітап мазмұнын ашады», - деді ғалым-экономист, академик, қоғам қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, БжҒМ Ғылым комитеті Экономика институтының директоры, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті Оразалы Сәбден Қазақстан Республикасының 20 жылдық тәуелсіздігіне орай 21 томдық «Экономика» атты еңбегінің тұсаукесер кешінде сөйлеген сөзінде. Шара бұрнағы еүі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де болып өтті.
Көп томдықта Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, бүгінге дейінгі экономикалық серпілістер мен өз кезегінде орын алған дағдарыстар қамтылған.