2022 жылдың 30 қараша күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, шығыстану факультеті, қытайтану кафедрасының «Әдістемелік семинар» жоспарына сәйкес кафедра оқытушысы Тұрбек Мұраттың «Студенттердің HSK деңгейін көтерудің тиімді жолдары» тақырыбында семинары өтті.
Семинарда бүгінгі таңдағы қытай тілін үйрету кезінде қолданылатын оқу әдістері жайында талқылау жүргізілді. Қытай тілін студенттерге тиімді үйрету үшін оқытушы сабақ барысында жеткілікті оқу әдісін қолдану қажет дей келе, студенттердің тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу дағдыларын жан-жақты жетілдіру мақсатында Тұрбек Мұрат төмендегі бірнеше әдістерді ұстануға кеңес берді:1. Қытай тілінде сандар мен деректерді үйрету барысында, студенттердің қызығушылығын арттыратын түсінікті әдістерді қолдану шарт. Мысалы, олардың жеке телефон нөмірлерін, курстастарының туған күні, қай курста оқитынын және т.б. сұрақтарды қытай тілінде қойып, осы тілде жауап беруін талап ету керек. Бұл олардың дәріс барысында қызығушылығы мен ынтасын арттырады.2. Студенттермен өмірде жиі қолданатын мақал-мәтелдер мен идиомаларды қолданып үйрену. Студенттерден мақал-мәтелдер мен идиомаларды аударуды талап ету. Егер студенттер аударма жасаудан қиналса, оқытушының көмегіне жүгінсе болады.3. Студенттерді көбірек сөйлету: сөйлеу дегеніміз – көргеніңді, естігеніңді, ойлағаныңды сөзбен жеткізу. Сөйлей алатын адам жақсы жазады, сол себепті студенттердің сауатты сөйлеу қабілетін дамыту олардың жазу дағдыларын жетілдіретіні сөзсіз. Байқасақ, әдетте нашар сөйлейтін студенттер эссе жазу кезінде де қиналады. Оның басты себебі – сөйлей алмау. Сол себепті, студенттерден сабақ кезінде әртүрлі тақырыпта әңгіме қозғау керек. 4. Оқушыларды оқуға баулу керек. Студенттерге өздерінің ұнататын кітаптарын оқытып, талдау: мәтінді жақсылап оқып, автордың ой-өрісін, тілдік көрінісін қытай тілінде қарастыру. 5. Қытай тілінде телесериалдарды, бағдарламалар мен мультфильмдерді көбірек көрсету: бұл тәсіл арқылы бір оқпен екі қоянды атуға болады. Біріншіден, студенттердің тыңдалым деңгейін көтереміз, екіншіден экранның төмен жағында берілген субтитрлардың көмегімен жаңа иероглифтарды игеруге мүмкіндік береді.6. Жазу мәнерін жақсарту. Көбірек жазу арқылы студенттерді терең ойлауға, ептілікті дамытуға, тіл мен жазу дағдыларын шебер пайдалануға ықпал етеді. Студенттерге сабақ беру барысында осы тәсілдерді қолдану арқылы олардың тіл үйрену жолындағы кездестіретін қиыншылықтарын оңайлатып, қытай тілін меңгеруге деген талпынысын арттыра аламыз. Семинар тақырыбы қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Баяндамашы тақырыпқа қатысты қойылған бірқатар сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Семинардың алдына қойылған мақсаты толық орындалды, әрі қанағаттанарлық деңгейде өтті деп бағалауға болады.