Жаңалықтар

БІЗ ТАБИҒАТЫМЫЗДЫ ҚАЛАЙ БАҒАЛАЙМЫЗ?

19.03.2021

GreenCampus бағдарламасы аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «метеорология» мамандығының студенттеріне арналған табиғатты аялау, құрмет сезімін қалыптастыру және табиғаттағы деструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында танымал қазақстандық саяхатшы Мағжан Сағымбаевпен онлайн-кездесуі ұйымдастырылды.

Кездесу барысында саяхатшы өзінің бүкіл әлемді велосипедпен жүріп өткен сапары жайлы, адамдардың табиғатпен ара қатынасы және Қазақстандағы экологиялық еріктілердің (волонтерлер) атқарып жатқан жұмыстары туралы қызықты, танымдық ақпараттармен бөлісті.


Кездесу барысында Мағжан Сағымбаев шетел тұрғындарының табиғатқа көзқарастары туралы әңгімелеп, бірқатар мысалдар келтірді. Мысалы ТМД елдері ішінде табиғатты ең таза ұстайтын Беларуссия екен, ал қоқыс үшін ең жоғары айыппұл (айыппұл 500 доллар) салынатын Сингапур ондай дәрежеге жетпегенін айтты.

Экологиялық ең таза көлік велосипед. Бұл жағынан Батыс Еуропа алда тұр, велосипедшілерге арналған инфрақұрылымдар жоғары дамыған. Мағжанның айтуынша, оған Euro Velo жобасы үлкен әсер қалдырыпты. Осы жоба аясында бүкіл Еуропада велосипед маршруттарының желісі құрылған. Саяхатшы табиғатқа жанашырлықтың тағы бір мысалын келтірді. Аляскада маршруттан оралғаннан кейін өзіңнен шыққан қоқыс мөлшерін көрсету қажет, сонда олар эко-коллекциялық бонус ретінде кіруге төленген ақыны қайтарады.

«Зальцбурте әр апта сайын студенттерге қалдықтарды қайта өңдеуге арналған екі сағаттық экологиялық дәріс оқылады, онда қалдықтарды бөлу жүйесі не үшін қажет екені түсіндіріледі. Теориялық сабақтардан кейін тәжірибелік сағаттар өткізіледі, онда қалдықтарды қайта өңдеу зауытына апарады. Австрияда қоқыс қалдықтардың көп бөлігі қайта өңделеді», –деп ол Австрияда оқыған кезін есіне алды.

Мағжанның айтуынша, шет елдерде университетке немесе жұмысқа қабылданған кезде көбінесе табиғатты қорғау бойынша еріктілер қозғалыстарына қатысатын, қолдайтын және экологиялық жобалармен жұмыс жасайтын адамдарға басымдық беріледі.

Сондай-ақ, кездесу барысында еліміздегі экологиялық жобалар мен экологиялық мәдениет жайлы өзінің ойларын айтты. Жастар арасында экологиялық мәдениеттілікті көтеру туралы пікірлер айтылып, талқыланды. Дәріс соңында студенттер сабақ тақырыбын қорытындылау мақсатында сөздер мен тегтер бұлтын құрастырды.

www.kaznu.kz